Сарыағаштағы жаңа буынды дамыту орталығы бір мезгілде 600 адамды қабылдайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде өскелең ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына айрықша мән беріп келеді. Президент өз сөзінде жастарға артылар үміт зор екенін, мемлекеттің барлық жүргізіліп жатқан реформалары мен ауқымды жобаларының түпкі нәтижесін ең алдымен бүгінгі жас ұрпақ көретінін атап өткен болатын.

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалуы тиіс», – деген Мемлекет басшысының бұл ұстанымы өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді.

Осы бағытта Сарыағаш ауданында мемлекет қолдауымен балалар мен жастарға арналған бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар қолға алынған. Солардың бірі – Сарыағаш қаласы аумағында бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығы. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған бұл көпфункционалды нысан бір мезгілде 600 адамды қабылдауға мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтың құрылысы аудан тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Мұнда балалар түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өз қабілеттерін шыңдай алады. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың білімге, өнерге және спортқа деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның құрылыс барысымен танысты. Аймақ басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын жіті қадағалады. Әкім өз сөзінде бұл нысанның балалар мен жастар игілігі үшін салынып жатқанын атап өтіп, оның беріктігі мен сапасына ерекше талап қойылатынын жеткізді.

«Балалар мен жастарға арналған әрбір нысан қауіпсіз, берік әрі сапалы болуы тиіс. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде, барлық талаптарға сай аяқталуы қажет», – деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда нысанда екінші қабаттың ішкі қабырғаларын қалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 32 жұмысшы еңбек етіп, 3 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші мекеме – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы». Мердігер мекемеге жұмыс сапасын төмендетпеу, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және белгіленген кестеден кешікпеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жаңа буынды дамыту орталығы іске қосылғаннан кейін Сарыағаш ауданында балалар мен жастарға арналған инфрақұрылым едәуір жақсарып, өңірдің әлеуметтік әлеуеті арта түспек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *