Шардара ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 елдімекенде 5 жоба іске асырылмақ
Шардара ауданыныңнегізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 2 есеге өсіп, былтыр 113 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 13,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 9 пайызға өсіп, 2023 жылы 11 мыңға жуықтады.
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, алдымен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты.
– Бізге ең керегі – халықты үйрету. Жаңа кәсіпті дамытудың жолдарын, оның қыр-сырын жергілікті тұрғындарға үйрету керек. Жаңа кәсіп бастауға Түркістан өңірінің әлеуеті мол. Зауытты Түркістанда ашуды ұсынамын. Өңірде су үнемдеуден технологияларын ендіру жұмыстарына күш салынған. Шаруаларға қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.
Өңір басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін көрді. Қожалықтың егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен. Оның барлығына тамшылатып суару әдісін қолданған.
Дархан Сатыбалды Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасында болды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 млн. теңге инвестиция тартылған. Кәсіп иесі Бақтыкерей Омар мемлекеттік қолдау арқылы жылына өндіретін өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.