Көпбалалы аналарды марапаттады

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова көпбалалы аналарды күміс алқа наградаларымен марапаттады. Шараның мақсаты — ана мен балаға деген қоғамның жоғары құрметін көрсету және назарын аудару. Күміс алқамен оннан астам ана марапатталды. Әрбір анаға арнайы куәлік пен сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, қазақ халқы қыз баласын аса қадірлеп, ардақты аналарды құрметтеген. Қарындасты қорғап, аруларды аялаған. Қазақылықтың қаймағы сақталған Түркістан өңірінде де нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жүруде. Жалпы Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.

Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде.

Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда.

Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.  Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын  нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *