Фарида Гибадулина: «Ел ішіндегі татулықты, бірлікті сақтауда этномәдени бірлестіктердің маңызы зор»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1990 жылдың басында барлық этномәдени орталықтарды бір ұйымға Қазақстан халқы ассамблеясына біріктіру идеясын жария еткен болатын. Содан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Оның құрамына этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардыңөкілдері кірді. Олар ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтауда, келісімді нығайтуда, салт-дәстүрді насихаттауда аянбай еңбек етеді.
Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген татар-башқұрт этномәдени бірлестігі аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.Бүгінде бірлестіктің мүшелері әртүрлі салада қызмет атқара жүріп, елдің дамуы, бірлігі жолында көптеген шараларды ұйымдастыруда. Бірлестік мүшелері бірлік пен бейбіт күндердің қадірін терең ұғынған. Сондықтан да өңірдегі ынтымақтың ұйытқысы болған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына олардың алғысы шексіз.
Орайы келгенде облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің Сайрам аудандық филиалының төрайымы Фарида Губадулинамен сұхбаттасқан едік.
— Фарида Фаридқызы, сұхбатымызды алдымен этномәдени бірлестіктердің құрылуы тарихынан бастасақ.
— Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі барлық саланың жағдай күрделі болғаны белгілі. Соған қарамай, үкімет мемлекетіміздің көпұлтты екенін ескеріп, қолға алынуы тиіс шаралар дер кезінде атқарып отырды. Жалпы Қазақстан Кеңестік дәуірі кезінде көпұлтты мемлекет болып қалыптасты. 1989 жылы жүргізілген санақ бойынша айтар болсақ, сол кездің өзінде Қазақстан аумағында 130-дай этностар өмір сүріп жатты.Көптеген шетелдік сарапшыларҚазақстанда этносаралық қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін деген болжам жасады. Алайда,елімізде жүргізілген сарабдал саясаттың нәтижесінде Қазақстан ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің мекеніне айналды. Яғни, қиын-қыстау кезеңде де елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар өзінің бірегейлігін жоғалтпады. Бірлікте, татулықта өмір сүрудің үлгісін көрсетті. Мұның барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың тыңғылықты ойластырған, көреген саясатының жемісі екені сөзсіз.
Жалпы Ассамблеяны құру туралы идеяны Елбасы 1992 жылы тәуелсіздігіміздің бірінші жылындағы форумда мәлімдеді. Мемлекетіміздің әлемдегі дамыған озық елдер қатарына қосылуы үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығы негізгі рөл атқаратынын айтып, үкіметке Ассамблея құруды қолға алуды тапсырды. Ал, 1995 жылыеліміздегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп, елімізде ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында жаңа қоғамдық институттың қажеттігі туралы сөз қозғады. Осыдан кейін әрбір облыста Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрыла бастады. Еліміздегі татулық пен бірліктің негізі Ассамблея болды.
1996 жылы Қазақстан Республикасындағы этномәдени білім беру тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама еліміздегі білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламаларының мазмұны үйлесімді тұлғаны дамытуға, білім алушылардың бойында отансүйгіштік, азаматтық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар, 2006 жылы Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жж. арналған тұжырымдамасы ұлттық-мәдени бірлестіктердің мәртебесін қазақстандық азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде айқындап берді.
— Татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің қызметіне тоқтала кетсеңіз…
— Ел ішіндегітатулықты, бірлікті сақтауда этномәдени бірлестіктердің маңызы зор. Оны біз Түркістан облысы көлемінде тіркелген этномәдени бірлестіктердің қызметінен айқын көре аламыз. Бүгінде облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясында бірнеше этнодени бірлестік бар. Олардың мүшелері қалалар мен аудандарда елдің тыныштығын сақтау жолында еңбек етуде. Осыдан-ақ этномәдени бірлестіктердің түрлі ұлт өкілдерінің белсенділерінен құралған үлкен күш екенін көруге болады.
Сайрам этникалық құрамы бойынша көпұлтты аудан болып табылады. Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің Сайрам аудандық филиалы 2014 жылы құрылды. Қазіргі уақытта ауданда барлығы 1000-ға жуық татарлар мен башқұрттар тұрады. Олар аудан мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және елдің бірлігі мен тұтастығын нығайтуға өз үлесін қосып, қоғамның түрлі салаларында еңбек етеді.
Біздің этномәдени бірлестік ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Іс жүзінде бірде-бір іс-шара біздің бірлестік мүшелерінің қатысуынсыз өтпейді десек қателеспейміз. Негізгі мақсат — Қазақстанның ұлттық саясатын насихаттау және іске асыру, өзінің ұлттық тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ең бастысы-этносаралық келісімді нығайту және дамыту. Аудандадөңгелек үстелдер мен концерттік бағдарламалардан басқа, әлеуметтік қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.Аналардан құрылған кеңестер өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сыйластық сезімін қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттайды. Көпұлтты мемлекетімізде жалпыұлттық бірлігіміз бен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, аудандағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері өзара берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт елдің берекесін айрандай ұйытып отыр. Бұл өңірімізде этномәдени білімнің дұрыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.
— Этномәдени білім жайлы түсінік беріңізші…
— Этномәдени білім, ол бізге ата-бабаларымыздан жеткен тәжірбие, қанша уақыт өтсе де тат баспайтын ұлттық қазына.Халқымыз о бастан өз ұрпағын ізгілікке инабаттылыққа , адамгершілікке, мейірімге тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Өскелең ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрі негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін терең сіңіру қажет. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүріне де құрметпен қарауды ұқтыру қажет.
Елімізде 1994 жылы Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру концепциясы, 1995 жылы Қазақстан Республикасының білім саласындағы мемлекеттік концепциясы, 1996 жылы Қазақстан Республикасында зтномәдени білім беру концепциясы қабылданды. Бұл құжаттарда ұлттық сұранысқа негізделген, мәдени,тарихи, ұлттық дәстүрлерін есепке ала отырып білім жүйесін реформалау қажеттігі атап көрсетілген. Көп ұлтты Қазақстанның ерекшелігі де этникалық білім берудің қажеттігін өздігінен туындайды. Кез-келген халық ғасырлар бойы жинаған қоғамдық және әлеуметтік тәжірбиесін, ата-бабалардан алмасқан тәжірбиеге өз үлестерін қосып келесі ұрпаққа мәдениетін, тарихын аманат етіп отырған. Ал этномәдени білім жеке тұлғаның этномәдени ерекшеліктерінің қалыптасуына және оқу мен тәрбиенің ұлттық жүйесін дамытуға негіз болады. Этномәдени білімді жолға қоюдың жолы оқу процесіне жаңа педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, авторлық бағдарламалар жасалса деп ойлаймын. Жастарды этникалық білім мен тәрбие тұрғысынан өмірге даярласақ , олардың ұллтық рухы биік болады. Ал рухы күшті елдің қашанда бағы жанады. Ал, этномәдени білім мен тәрбие отансүйгіштікті қалыптастыру, бірлікті нығайту үшін аса қажет.
— Әңгімеңізге рахмет!