Шардаралық әжелер қартайсада қоғамдық істерден қалыс қалмайды
Шардара ауданында «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – зейнеткерлердің өмір жасын ұзарту, оларды өмірге қайта бейімдеу болып табылады. 63 жастан асқан зейнеткерлермен бірге әртүрлі жастағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар да келіп, орталықтың қызметін пайдаланады. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін осында болатын ата-әжелерге түрлі қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Әжелердің өзі үш топқа бөлініп, би, өлең, домбыра тарту өнерімен шұғылданады. Тоғызқұмалақ ойнайды, фитнес клубта жаттығады. Осы аптада орталықтағы өнерлі әжелер Алматы қаласына аттанып, КТК арнасындағы республикалық байқауға қатысқан болатын. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Кел, шырқайық!» байқауына қатысқан «Шардара» тобының өнерлі әжелері Батыс Қазақстан, Жетісу облысының командаларымен алғашқы үштікке ілініп, олардың арасында 49 ұпаймен бас жүлдені жеңіп алды. Осы орайда, байқауға аттанып, ауданның мерейін асырған өнерлі әжелерімізді таныстырып өткуенді жөн көрдік. «Шағалалы Шардара» деп аталатын әжелер ансамблінде 4 әже – Қалдан Тілегенова, Сұлуай Сейдазимова, Халия Әбдуханова және Адаскүл Көбекова өнер көрсетеді. Бұл топқа 75 жастан асып отырған Қалдан Тілегенова жетекшілік жасайды.
Тілегенова Қалдан Төлегенқызы. 1949 жылы Шардара ауданында дүниеге келген Қалдан Тілегенова көпбалалы отбасында тәрбиеленді. Әкесі Төлеген ақсақал өкіметтің малын баға жүріп, ат шаптырумен айналысқан, шабандоз кісі болады. Анасы Қыздархан отағасына жәрдемші болып мал бағумен шұғылданады. Қолы ісмер, сонымен қатар әу деп жанынан өлең құрап айтатын өнері де болған. Қалдан анамыз Мақтаарал ауданындағы бұрынғы А.С.Пушкин атындағы сегізжылдық мектепті бітіріп, ары қарай ата-анасына қолғабыс жасап үйде болады.
Қалдан апамыз бойжеткен кезінде Тілеген ақсақалдың ұлы Сексенбай ағамызға ұзатылады. Жасауын жасап, барлық жөн-жоралғысымен ата-анасы ұзату тойын өткізеді. Ол кезде қандай той болса да шамасы келгендер көкпар беріп отырған екен. Төлеген ағамыз да қыз ұзату тойының соңынан екі күндік үлкен көкпар беріпті. Құмның ішіндегі №4 фермада ата-енесімен он жылдай бірге тұрған Қалдан апамыз қазақтың әйелдері атқару керек жұмыстың бәрін де істейді. Кілем тоқыды, өрмекпен алаша тоқыды, кесте тоқыды. Жұбайы Сексенбай Тілегенұлы күнұзаққа өкіметтің жұмысында жүргізуші болып еңбек етеді. Көкпаршылардың үйі қай кезде де қонақтан босамайды ғой. Күніне бір қой, кейде үстіне сыйлы қонақтар келіп қалса тағы бір қой сойылып, қазан көтерііліп жатады. Сондай шаруалардың белортасында жүрген Қалдан апамыз әншілік өнерін біраз жыл қоя тұрады. Зейнет жасына шыққан соң қоғамдық негізде жұмыс жасап, 7 әйелден құралған әжелер ансамбілінің мүшесі болады. Ауыл өнерпаздарымен бірге облыстық байқауларға қатысып, «Оңтүстік» телеарнасына да арнайы хабарға шығады.
Қалдан апа мен Сексенбай ағамыздың отбасында 6 перзент өсіп-жетілді. Олардан қазір 27 немере мен 8 шөбере сүйіп отыр.
Сейдазимова Сұлуай Нұртәнқызы. 1948 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген Сұлуай Нұртәнқызы сан түрлі этнос өкілдері бас қосқан кеңшарда жастық шағы өтті. Бұрынғы «Винсовхоз» деп аталатын кеңшарда қазақ ұлтынан басқа орыс, грек, шешен, тәжік, кәріс сияқты ұлт өкілдері өте көп еді. Ауылдағы Титов атындағы мектепте сегізінші сыныпқа дейін оқыған Сұлуай апамыз үлкейгенде машина, немесе трактор руліне отырсам деп армандайтын. Сол кезде көрші Мақталы ауылында механизатор мамандығын оқытатын арнайы курс ашылып, ауыл жастары сонда кетіп жатқан. Сегізінші сыныпты бітірген жас бойжеткен де ешкімге айтпастан Мақталы ауылына барып, механизаторлық курсқа жазылады. Алайда, ата-анасы біліп қойып, өре түрегеледі. Сол кездегі ауыл адамдарының ұғымы бойынша қазақ қыздарына көлік жүргізу ерсі дүние, оны тек ер азаматтар ғана атқаруы тиіс деп санайтын. Сондай тәрбиені құп көрген әкесі Нұртән ағамыз да қызын Мақталы ауылынан алып қайтып, «механизаторлық кәсіп қыз балаға қол емес» деп, райынан қайтарады. Сөйтеді де ауылдың негізгі күнкөрісіне айналған жүзім алқабына жұмысқа кіргізеді. Ерте көктемде көміліп жатқан жүзім ағаштарын ашып, асудан бастап, оны суару, баптау, күзде жүзім теру сияқты бірінен кейін бірі айналып келе беретін шаруаға жегіледі. Механизатор болмаса да механик жігіттің етегінен ұстап, бақытты ғұмыр кешуді Сұлуай апамыздың маңдайына жазған екен. Өзі оқуға түсе алмаған Мақталы ауылының Келесбек есімді механик жігіті Сұлуайдай пысық бойжеткенді ұнатып қалады. Жүзім алқабында танысқан жастардың сыйластығы келе-келе нәзік сезімге ұласып, өз алдарына шаңырақ көтереді.
Келесбектің ағасы Жасұзақ Сейдазимов ертерек Шардараға келіп орнығып, құрылыс саласында жауапты қызмет атқаратын. Жасұзақ ағасы ауылдағы отау құрған інісін Шардараға шақырып, жаңадан құралып жатқан ауданға келсе жұмыс көп екенін айтып, қасына көшіріп алады. Осылайша, 1969 жылы Шардараға қоныс аударып келіп, Келесбек Сейдазимов те Қызылқұм тыңын игеру жұмысына белсене араласып кете барады.
Жұбайы Келесбек құрылыс мекемелерінде көлік жүргізушісі болып қызмет атқарды. Біраз жылдан соң Украинадан автобус көліктерін әкеліп, автобус жүргізушісі болды. Бала күтімімен Сұлуай апамыз үйде отырды. Шардараның топырағы бұл әулетке құт болды десек жарасады. Бірінен кейін бірі 7 ұл-қызды өмірге әкеліп, үлкен шаңыраққа айналды. Шиеттей бала-шағаны жетілдіру үшін бір ғана отағасының табысы аз болғандықтан, Сұлуай апамыз Шардара қаласындағы жаңадан ашылған нан зауытына жұмысшы болып орналасады. Ас атасы – нанның қалай дайындалатынын өз көзімен көріп, өз қолымен пісіретін болды. Сұлуай Нұртәнқызының қолынан шыққан исі мұрын жаратын ыстық бөлкелер автокөліктерге артылып, қала дүкендеріне жол тартып жататын. Кеңес өкіметі тарап, кейіннен алып нан зауыты да жұмысын тоқтатқан кезде Сұлуай апа да зейнет демалысына шығып үлгерді.
Қазіргі таңда ұл-қыздарынан барлығы 24 немере сүйіп, бақытты әже болып отырған Сұлуай Сейдазимова бір жылдан бері «Қасиетке» келіп жүр.
Әбдуханова Халия Арысхалқызы.1961 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген Халия Арысхалқызы бұрынғы ХХ Партсъезд елді мекеніндегі А.С Пушкин атындағы мектепте сауат ашады. Әкесі Арысхал темірден түйін түйген ұста кісі болады. 5 сыныптан кейін Әбдухановтар отбасы Шардара ауданына қоныс аударып, қазіргі Көксу ауылдық округіне көшіп келеді. Т.Айбергенов атындағы орта мектепті бітірген соң Өзбекстанға қарайтын Арнасай елді мекенінің тумасы Оралбай Момынов есімді азаматпен тұрмыс құрады. Оралбай Момыновтың отбасы өкіметтің қойын бағатын. Жаңадан шаңырақ көтерген бұлар да ойланбастан шопандық жұмысқа кірісіп кетеді. Жұбайы аға шопан, келіншегі шопанның көмекшісі болып, өңірде қой шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосады. Негізінен қаракөл қойын өсірумен шұғылданатын шаруашылық өкіметке елтірі өткізетін. Ежелден-ақ малмен айналысқан Момыновтар әулеті озат шопандардың қатарынан саналатын.
Келін болып түскеннен шопандықты игеріп әкеткен Халия Арысхалқызы өте қарулы, күшті болады. Әсіресе, қозы сойып, оның терісін іреуде алдына жан салмайтын. «Бұхар сұры» деп аталатын елтірі сапалы болу үшін жаңа туған қозылар сойылып жаатады. Енді оның терісін бүлдірмей сойып алу да шеберлікті, әбжілдікті қажет етеді. Осы қара жұмысты Халия апамыз шаршамастан атқарып шығады екен. Бір күнде жүздеген қозының терісін сыпыра беріп, тырнақтары түсіп қалатын кездерді бастан кешірді. Халия апамыздың отбасы 2010 жылдары Шардара қаласына келіп қоныстанды.
Халия Арысхалқызының анасы Гүлжәмила Әбішева өзіндік дауысы бар, өнерлі жан болды. Бүгінде оңтүстіктен шыққан айтулы сазгер, ақын, әнші Мұқтар Құраловтың туған бөлесі болып келетін Гүлжәмила апамыздың бойындағы әншілік қасиет қызы Халияға да қонса керек.
–Осы орталықта жазылып шыққан соң үйірмелеріне белсенді түрде қатысатын болдым. Ешкімді танымайтын едім, қазір бәрімен етене араласып кеттік. Қалдан апамыздың шашбауын көтеріп «Шардара толқындары» деген әнді шырқаймыз. Шәмшінің әндері, халық әндері, заманауи әндер де біздің репертуарымызда бар. Біз сияқты қария кісілерге өте пайдалы екен. Жасарып кеткендей болып жүрміз, – дейді риза пейілмен 21 немере сүйіп отырған Халия Әбдуханова.