Ғасыр жасаған анаға құрмет көрсетті
Жақында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов 100 жасқа толған Азтай ананың шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Азтай Түкенбаева – көпбалалы ана, тыл және еңбек ардагері. Қала басшысы ғасыр жасаған өнегелі өмір иесіне Құттықтау хат және арнайы сый-сияпат табыс етті. Сонымен бірге игі тілегін жеткізіп, зор денсаулық тіледі.
Өз кезегінде ақ жаулықты ана Азтай Түкебаева қала басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді. Елдің тыныштығын тілеп, ризашылығын білдірді. Айта кетейік, Азтай анамыз 1924 жылы Хантағы ауылында дүниеге келген. Жолдасы Аманқұл Түкенбаев тыл ардагері. 75 жасында дүниеден өткен. Ғасыр жасаған анамыз 4 қыз, 3 ұлды өмірге алып келген. Қазіргі таңда осы перзенттерден 15 немере, 23 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже.
Түркістан халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір саналады. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында.
Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.
Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде.
Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз.
Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.