Кентауда көпбалалы аналарға төсбелгі табысталды

Жақында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов алтын құрсақты аналарды қабылдады. ҚР Президентінің жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.

Қала басшысы өз сөзінде батыр аналарға еліміздегі демографиялық дамуына үлес қосқандарына айрықша алғыс білдіріп, қоғамдағы ана мен баланың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. Әр шаңырақтың ұйтқысы, берекесін еселеп жүрген аяулы аналардың қоғамдағы орны бөлек. Олар Тәуелсіз елдіңжарқын, айбынды ұрпағын тәрбиелеуде. Мейірімге толы шарада құрметке бөленген аналар ризашылықтарын білдірді.

Бүгінде Кентау қаласында 4227 алтын құрсақты ана бар. Олардың 487 «Алтын алқа», 1045-сі «Күміс алқа» иегері болса, 26-сы «Батыр ана», 49-ы 1 және 2-ші дәрежелі «Ана даңқы» төсбелгісімен марапатталғандар. Ал, облыста 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Сонымен қатар, өңірімізде 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегері тұрады.

Қазақылықтың қаймағы сақталған өңірімізде де нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жүруде. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Жалпы,  Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын  нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *