Жетісай ауданында жүгері өндейтін кәсіпорындар ашылмақ
Жетісай ауданында 2024 жылы 79,3 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде, 42,0 мың га жерге мақта, 17,2 мың га жерге бақша, 3,5 мың га көкөніс, 7,4 мың га дәндік жүгері, 6,7 мың га жерге мал азықтық дақылдарымен 0,7 мың га жерге күріш дақылдарын егу жоспарлануда. Қазіргі таңда дихандар 1,2 мың гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат егіп, ендігі жерде бақша, көкөніс, мал азықтық дақылдарды егу жұмыстарын бастады.
Ауданда алдағы 5 жылдық егіс құрылымының жол картасы әзірленіп бекітілді. Соған сәйкес, мақта дақылын 2027 жылға дейін 12,0 мың гектарға көлемін азайту арқылы мал азықтық дақылдар мен дәндік жүгері дақылының көлемін арттыру көзделуде.
Ауданда дәндік жүгері дақылы мен мал азықтық дақылдарын қабылдайтын, қайта өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Алдағы уақытта дәндік жүгері дақылын қабылдайтын бекеттер ашу мен мал азығын дайындауға арналған шағын цехтарды құру жоспарлануда. Бұл бағытта Шардара ауданында ашылған «казкрахмал» ЖШС өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде.
Аудан бойынша мақта дақылының сапасын арттыру мақсатында, сапалы тұқымдық шит өндіретін тұқым шаруашылықтарын ашу көзделуде. 2026 жылға дейін ауданымызға қажетті мақта тұқымдық шитінің 100 пайызын, яғни 1500 тонна элита және бірінші репродукциялық тұқымдарды өндіруге қабілетті тұқым шаруашылықтарын құру жоспарлануда. Аудандағы ірі шаруашылықтар болып табылатын «Али» өндірістік кооперативі, «Нұралы жол-ж» шаруа қожалығы, «Қаршыға» фермерлік қожалығы, «Кебей» шаруа қожалықтары арқылы жүзеге асыру көзделуде.
Бүгінде өңірде 4 тұқым шаруашылығы бар. Олар 2024 жылға отандық «Мақтарал-4011» сортының бірінші және екінші репродукцияларын және туркия мемлекетінің ва-1010, лазер, эдесса, рамзис сорттарын өндірмек.