Жолдау жүктеген міндет: Түркістан облысының Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында медициналық инфрақұрылымды дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау және өңірлерде сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы айқындаған осы басымдықтар аясында Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың құрылысының басталуы.

Маңызды шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, нысанның капсуласын салу рәсімін өткізіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ордабасылықтарды қуанышты сәтпен құттықтады.
– Бүгін Түркістан өңірінде тағы бір игі бастаманың куәсі болып тұрмыз. Тарихи Ордабасы жерінде жаңа медициналық нысанның құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек» деген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, былтыр өңірдегі шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, ел игілігіне берілді. Ал бүгін Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың уақыт капсуласы салынуда. Бұл медициналық мекеме болашақта Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет етеді. Осы аймақтардың тұрғындары енді облыс орталығына сабылмай, Темірланда қажетті емді қабылдайды. Өйткені, жаңа перинаталдық орталық жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі заманауи медициналық көмек көрсетеді. Бұл – ана мен бала денсаулығын сақтап, демографияны жақсартуға серпін беретін маңызды бастама. Перинаталды орталық уақтылы әрі сапалы салынып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетеді деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған жобаның мердігер мекемесі – «ВД Строй-Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Перинаталдық орталық 200 орынға есептелген. Ғимараттың жалпы алаңы 34 233,30 шаршы метр болса, құрылыс ауданы 12 009,73 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы аумағы – 8 гектар.
Перинаталдық орталықтың басты ерекшелігі – облыстық деңгейде жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары сапалы, заманауи медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Жоба ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге және өңір тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге зор мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *