Түркістан облысында 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлері тұрады

Қазақ халқы әу бастан қыз баласын аса қадірлеп, ардақты аналарды құрметтеген. Қарындасты қорғап, аруларды аялаған. Қазақылықтың қаймағы сақталған Түркістан өңірінде де нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жүруде. Тәуелсіз еліміздің дамуына аналарымыздың, қазақтың қайсар қыз-келіншектерінің қосқан үлесі айрықша.
Бүгінгі аналарымыз өңірімізді өркендету жолында да жемісті еңбек етіп келеді. Олардың жаңарған Түркістанды, өңіріміздің әр аймағын дамытуда үлестері орасан зор. Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Өлкеміз өп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.
Қазіргі таңда облыста 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз. Осындай аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер болса, соның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Сонымен қатар, Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды. Белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына үлес қосуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *