Түркістанда 4 ғасыр еңбек өтілі бар ұстаздар династиясы
Сарығаш ауданы Дихан баба ауылында тәлімгерлік еңбек өтілі жалпы 395 жыл болатын Қабыловтар әулеті тұрады. Отбасының 8 перзенті ғана емес, келіндері тіпті одан туған немерелер де түгел дерлік мұғалім мамандығын таңдаған.
Әулеттің ең үлкені — Жәмила Қабылова. Бүгінде 84 жасқа келген аяулы ана дүниеге 8 перзент әкеліп, олардан 30 немере, 68 шөбере сүйіп отыр. Міне солардың барлығы дерлік ұстаздық қызметті таңдаған. Жәмилә Қабылова кезінде колхозшылардың балаларына арнап үйден бала-бақша ашып, соның меңгерушілік қызметін атқарған. Жастайынан аянбай еңбек еткен ол ұл-қыздарының барлығын жоғарғы оқу орындарында оқытқан.
Анасы секілді ұстаздықты таңдаған ең әуелі Жәмила әжейдің тұңғышы — Фарида Дабылқызы. Бүгінде ол ауыл мектебінің білім сапасын арттыру жолында барын салып жатыр. Шәкірттері республика көлеміндегі сайыстардан топ жаруда. Үйі мен қызметін қатар алып жүрген ол «бақыттың кілті — ауызбіршілік пен шыдамдылықта» дейді.
Жәмила Қабылова 11 жыл бойы 4 келінін бірдей қолында ұстады. Осы 11 жылда балаларының бірде-бірі араздасып, бет жыртысып көрмепті, керісінше бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен. Бәлкім, бұл келіндерінің де түгел ұстаз болғанынан шығар. Қызметпен қатар ұрпақ тәрбиесін қатар алып келе жатқан келіндері таңертен сиыр сауып, үлкен отбасының тағамын әзірлеп үлгереді. Біз үшін ең бастысы – ақ шашты, аяулы анамыздың ақ батасын алу дейді олар.
Ұстаздық жолды таңдаған педагогтар отбасы берекеге толы. Осындай адал еңбегімен қарапайым өмір сүріп жатқан жандар барда туған елдің туы қашанда тұғырлы.