Президент тапсырмасы: Түлкібаста құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс материалдары өндірісін дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Президент елімізде жол құрылысына және инфрақұрылымдық жобаларға қажетті шикізаттың жеткілікті екенін, алайда отандық өндірістің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Мұны тіпті қолдан жасалған тапшылық деуге болатынын айтқан Мемлекет басшысы Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Президент көтерген бұл мәселе бүгінде өңірлерде нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылып келеді. Айталық, Түлкібас ауданында құрылыс материалдарын өндіру бағытында жаңа өндіріс орыны іске қосылды. «Бәйтерек-2030 KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытай Халық Республикасынан тауарлы бетон өндіруге арналған заманауи құрылғы алдыртып, өндіріс жұмысын бастады. Бұл – аудан аумағында алғаш рет іске қосылып отырған тауарлы бетон өндіретін кәсіпорын.
Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаты 800 текше метрге дейін жетеді. Өнімнің орташа бағасы аудан аумағында жеткізіп беру қызметімен қоса есептегенде 23 500 теңгені құрайды. Бұл жергілікті құрылыс нысандары үшін тиімді әрі қолжетімді мүмкіндік саналады.
Аталған өндіріс орнын аудан әкімі Асқар Естібаев салаға жауапты мамандармен бірге арнайы барып көріп, жұмыс барысымен танысты. Аудан басшысы кәсіпкердің бастамасына оң бағасын беріп, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қазіргі таңда кәсіпорын Жабағылы ауылының маңында орналасқан өз карьерін толық қуатында пайдаланып отыр. Мұнда ірі тастарды ұнтақтауға арналған заманауи құрылғы орнатылып, жылына 60–70 мың тоннаға дейін бетон өндірісіне қажетті шикізат дайындалады. Ал, бетон өндіру цехы Ақбиік ауылында орналасқан. Бұл жерде жылына орта есеппен 62 миллион теңгенің құрылысқа аса қажетті бетоны өндіріледі.
Сонымен қатар, кәсіпорында құрылыс саласында кеңінен қолданылатын құм, құм аралас тас және майда тас (щебень) өндірісі де жолға қойылған. Бұл жергілікті нарықты толыққанды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін 25 адам еңбек етіп келген шағын кәсіпорында тауарлы бетон жүйесінің іске қосылуына байланысты қосымша 10 жаңа жұмыс орны ашылды. Алғашқы өнім аудан аумағында салынып жатқан «Қарқын трейд» құс фабрикасының құрылыс жұмыстарына жеткізілуде.
Бұған дейін Түлкібас ауданында дәл осындай тауарлы бетон өндіретін кәсіпорын болмаған. Сондықтан жаңа өндіріс ошағы ауданның құрылыс саласына тың серпін беріп отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы арқылы жергілікті нарық сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз етіліп, логистикалық шығындар азаяды және жаңа жұмыс орындары ашылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу – ел экономикасын әртараптандырудың, инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асырудың маңызды тетігі. Түлкібас ауданында қолға алынған бұл бастама Президент тапсырмаларының өңірлерде нақты іске асып жатқанын көрсететін жарқын үлгі деуге болады.
