Жолдау жүктеген міндет: Ордабасыда өндіріс өрісі кеңейіп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Президент өз сөзінде ел экономикасының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.

«Дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп тұрған шақта елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасымен шешім қабылдау аса маңызды. Осы мақсатта Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты стратегиялық маңызы бар салалардағы жобаларды жедел іске асыруға мүмкіндік берді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикаға тартылған тікелей инвестиция көлемін төмендетіп алмау үшін бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін де айтты. Кейбір өңірлерде әкімдер мен министрлердің инвестор тарту ісіне жеткілікті деңгейде атсалыспай отырғанын сынға алып, Үкіметке бұл мәселені жүйелі түрде ретке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сапалы әзірлеу, әсіресе халықаралық қаржы институттары қатысатын ауқымды жобаларға басымдық беру керектігін жеткізді.

Осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі Ордабасы ауданында айқын көрініс табуда. Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Алишер Сатвалдиев және Қадірбек Мұрат Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның өндірістік әлеуетімен және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Іссапар барысында аудан әкімі Азат Оралбаев сенаторларға өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы жан-жақты ақпарат берді. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндіріс көлемін ұлғайту бағытында нақты жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді.

Сенаторлар Бадам ауыл округінде орналасқан «KAZ KIOTI» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытында болды. Мұнда кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, оның бүгінгі даму деңгейі мен болашақтағы жоспарлары жан-жақты зерделенді. Сенат депутаттары еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өндірістегі кейбір жетілдіруді қажет ететін мәселелер мен жұмысшылардың еңбек жағдайына ерекше назар аударып, оларды оңтайландыруға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Аталған кәсіпорын 2015 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы инвестициялық құны 6,9 млрд теңгені құрайтын зауыт жылына 2 мың дана ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға қауқарлы. Соңғы жылдары өндірістегі локализация деңгейі кезең-кезеңімен артып, қосымша шойын бұйымдарын шығару қолға алынған. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр.

Делегация Бадам индустриалды аймағында орналасқан «Central Asia Aluminum Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіретін зауытқа да барды. Сенаторлар зауыттың өндірістік қуаты, технологиялық мүмкіндіктері және экспорттық әлеуеті туралы толық мәлімет алды. Кәсіпорында бүгінде 200 адам тұрақты еңбек етеді. Зауыт жылына 20 мың тонна алюминий профильдерін өндіреді, оның 60 пайызы шетел нарығына экспортталады. Бұл ауданның экспорттық әлеуетін арттырып, өңір экономикасына елеулі үлес қосып отыр.

Сенат депутаттары аталған жобалардың Ордабасы ауданы үшін ғана емес, жалпы облыс экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, мұндай өндірістер индустриялық дамуға серпін беретінін айтты.

Сапар аясында Бадам ауылында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының, әкімдік өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өтті. Басқосуда өндірісті дамыту, халықты тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік-экономикалық мәселелер және инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде кеңінен пікір алмасты. Сенат депутаттары қазіргі таңда атқарып жатқан заңнамалық жұмыстардағы жаңа бағыттар туралы баяндап, жергілікті депутаттардың өзекті ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жұмыс сапарының қорытындысында Сенат депутаттары Ордабасы ауданында өндірісті дамыту мен инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Ауданның индустриялық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтіп, көтерілген мәселелердің Сенат деңгейінде қолдау табатынын және ұсыныстардың заңнамалық тұрғыда жан-жақты қарастырылатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *