Президент тапсырмасы: Түркістан қаласында 4 445 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жоба іске асырылмақ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы елімізге қомақты инвестиция тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырып, қазіргі инвестициялық саясаттың жеткіліксіз екенін ашық айтты.
Президенттің бұл тапсырмалары өңірлерде, соның ішінде Түркістан қаласында да нақты нәтижесін беріп келеді. 2025 жылы Түркістан қаласының экономикасына жалпы көлемі 410,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 106,7 пайызды құрап, қаладағы инвестициялық ахуалдың тұрақты жақсарып, іскерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді.
Тартылған инвестициялар есебінен қала аумағындағы өндірістік және индустриялық аймақтарда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, аумағы 290 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 147,5 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жоба жоспарланған. Бұл жобалар 4 356 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Алтын дала мақта», «Басполимер» және «Ер-Қан групп» жобалары толық іске қосылып, қалған жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастамалар өндіріс, құрылыс және тоқыма салаларын қамтиды.
Сонымен қатар, аумағы 63,8 гектарды құрайтын индустриялық аймақта жалпы құны 19,8 млрд теңге болатын 31 жоба орналастырылған. Оның ішінде 22 жоба іске асырылып, қалған 9 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда қосымша 284 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобалардың басым бөлігі күнделікті тұтынуға қажетті өнімдер өндірісіне бағытталған.
Бұдан бөлек, жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 76 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 4 445 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа жоба жоспарлануда. Қазіргі уақытта бір жоба іске қосылып, алты жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Қалған жобалар бойынша инвесторлармен келіссөздер биылдан бастап жүргізіле бастайды.
Жалпы алғанда жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған инвестициялық жобалар Түркістан қаласының өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған. Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі нақты тапсырмаларының өңірлік деңгейде жүйелі түрде іске асып жатқанын көрсететін көрсетеді.
