Жолдау жүктеген міндет: Темірлан және Бадам елдімекендері аумағында өндірістік парктер салынуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция саласын ел экономикасын дамытудың негізгі тетігі ретінде атап көрсетті. Президент өз сөзінде «Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет» деп, инвестициялық саясатты түбегейлі қайта қарау қажеттігін айқын жеткізді.

Мемлекет басшысы қазіргі инвестиция тарту саясатының жеткіліксіз екенін ашық айтып, қаржының басым бөлігі шикізат салаларына бағытталып отырғанын сынға алды. Бұл бағыттың маңызын жоққа шығармай отырып, бүгінгі басты міндет – өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту екенін атап өтті.

«Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Бұл – жаман емес. Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жүктеген бұл міндеттер өңірлерде нақты іске асып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде Ордабасы ауданында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды айтуға болады. Жақында аудан әкімі Азат Оралбаев бірқатар маңызды өндірістік нысандарды аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Іссапар барысында аудан басшысы «TANGSHAN HUATING CERAMICS CO LTD» компаниясының ірі қара мал сүйектерін терең өңдеуге бағытталған жобасының жүзеге асырылу деңгейін көріп шықты. Аталған жоба өңір экономикасын әртараптандыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Жоба аясында ірі қара малдың сүйектері толық өңделіп, халықаралық нарықта сұранысқа ие дайын өнімдер шығарылатын болады.

Зауытта инновациялық технологиялар мен өндірісті автоматтандыру жүйелері енгізіліп, еңбек өнімділігін арттыру, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру көзделген. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Темірлан өндірістік паркінің құрылыс барысымен танысты. Аталған өндірістік парктің іске қосылуы аудан аумағында жаңа кәсіпорындарды орналастыруға жол ашып, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Мұнда инвесторлар үшін барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған дайын алаңдар ұсынылып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосу мүмкіндігі қарастырылған.

Жалпы 2025 жылы Ордабасы ауданында өнеркәсіп пен инвестиция тарту бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсімге қол жеткізілді. Шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде 6 келісімшарт пен 10 меморандумға қол қойылды.

2025 жылы шетел инвесторларының қатысуымен жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске асырылып, 274 жаңа жұмыс орны құрылды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,9 пайызға артып, 56,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі ерекше өсіп, 52,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл саладағы өсім 18,8 пайызды құрады.

Сонымен қатар, жыл ішінде жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын 4 ірі өндірістік жоба іске қосылып, 304 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Аталған жобалар қатарында автоматтандырылған қыш зауыттары, алюминий профильдері мен темірбетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар бар.

Ауданның өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында инфрақұрылыммен толық қамтылған «Бадам» индустриалды аймағында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өндірісті кеңейту үшін индустриалды аймақтың аумағын қосымша 500 гектарға ұлғайту жөнінде нақты шешімдер қабылданып, тиісті әкімдік қаулылары шығарылды.

Бұдан бөлек, ауданның тиімді географиялық орналасуын ескере отырып, Темірлан және Бадам елді мекендері аумағында өндірістік парктер құру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда І кезең аясында 5 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Былтыр Ордабасы ауданында өнеркәсіп, кіші кәсіпкерлік және туризм салаларын қамтыған 30-дан астам жоба іске асырылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 304 жұмыс орны ашылды. Кіші кәсіпкерлік саласында құны 5,1 млрд теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылып, 173 адам жұмыспен қамтылды. Ал, туризм саласында құны 854 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылып, 30 жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде, аудан бойынша 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының нақты секторын нығайтып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосты деуге болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *