Жұлдызайдың балалар киімін тігетін шеберханасы бар
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «ZHAS PROJECT» жобасының жеңімпазы, Ордабасы ауданының тұрғыны Бесанова Жұлдызай балалара арналған эко киімдер тігетін “Балалар киімін тігу шеберханасы” жобасы бойынша грант иегері атанды. Қазір ол өзінің сүйікті кәсібін дөңгелетіп отыр.
Айта кетейік, «Zhas project» жобасының негізгі мақсаты – жас қазақстандықтардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар, көшбасшылық қабілетін де дамыта алады. Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау ала алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел жастарын назардан тыс қалдырмай, мемлекеттік саясаттың бір бағытын өскелең ұрпаққа арнап келеді. Соның ішіндегі игілігі мол бір бастама ретінде өз ісін бастауға ниеттенген жастарға көрсетілетін қолдауды айтуға болады. Түркістан облысында жастар саясатын дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында кәсіпкерлікке қызығушылығы бар азаматтарға қайтарымсыз гранттар берілуде.
Сонымен қатар, елімізде 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданған. Онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, заманауи құндылықтар мен патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты, NEET санатындағы жастар үлесін төмендету, сондай-ақ, ауыл жастарын қолдау мәселелері қарастырылған.
«ZHAS PROJECT» бағдарламасы жастарға берері мол жоба. Жастардың осал топтары арасында жүзеге асырылған шағын гранттарға былтыр облыс бойынша 143 өтініш түсіп, ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткізілген болатын. Содан соң келесі кезеңге өткен жастар 3 күндік семинар-тренингте білім алып, соңғы комиссия отырысында өз жобаларын қорғаған 30 үміткердің 20-сы 1 млн. теңгелік грантқа ие болған-ды. Бүгінде бағы мен бабы қатар шапқан сол жастар қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, белгілі бір топтағы мүгедектігі бар жандарға тегін көмек көрсетуде. Ал, биыл «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы» аясында өңірдегі 600-ден астам жасқа 2,5 пайызбен 5 000 000 теңгеге дейін несие беру жоспарланған.
Жалпы облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңын қыз-келіншектер құрайды. «ZHAS PROJECT» бағдарламасы бойынша грантқа ие болған Бесанова Жұлдызай да солардың қатарында.