Назира қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындайды

Назира Оспанова  Түркістан  қаласында тұрады.  Ол  кішкентайынан  қолына домбыра ұстап,  қазақтың дәстүрлі ән-термелерін  нақышына келтіріп  орындайды.  Айтуынша,  өз тегінде өнерге құштар  жан болмаған.  Бірақ,  әкесі кішкентайында Шәуілдірде дүбірлі асқа келген  қазақ  ән өнерінің дүлдүлі Қаламқас Орашоваға ырымдап,  кішкентай Назираның аузына түкіртіп  алған  екен.  Міне, содан ба,  ол домбыраның құлағына жармасып  өсті.

Жетінші сыныпқа көшкенде бағына қарай Шымкент қаласында жас ақын-термешілер  мен  имправизаторларды даярлайтын  ақындар  мектебі ашылып,  қабылданады.  Бұл мектеп  сол кезде ауылда тұншығып жүрген  талай таланттың көзін ашқан  бастау бұлағы болды.  Өлең жазып,  ән айтуға әуестігі бар  балалар  іріктеліп,  Оңтүстіктің айтулы таланттарынан дәріс алды.  Ақын-сазгер Әбдіхалық Әбдірайымов басқарған  мектепте Кәрима Оралова,  Маржан  Есжанова,  Анар  Жаппарқұлова,  Табиғат Асқарова,  Ғазиза Айдарова,  тағы басқа көптеген  өнер өкілдері жас таланттарға сахна өнерін  үйретті.  Назира осы мектепте төл өнердің тұмса бұлағынан  сусындады.  Әртістік  қабілетімен  ерекшеленіп,  «Шымкент-шоу» театрының концерттік  бағдарламаларында өнер көрсетті.  Майлықожа мұраларын  жаттап,  оқушылар  арасындағы сайыстарда топ жарды.

Қарт Қаратаудың баурайында Майданталдың шаңына аунап өскен қыздың  отбасында ата-анасы да ұстаз. Осылайша өнер мектебінің ұясынан  қанаттанған  жас қауырсын  жоғары білім алу үшін  Түркістан  қаласындағы Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ –ге құжат тапсырады.  Бірақ,  өнер жолын  түбегейлі қуа алмай,  қыз баласына тән  жіңішке  жолды жалғап,  тұрмыс құрады.  Дүниеге  сәбилер  келіп,  өзінің сүйікті домбырасын  оңашада ғана шертіп,  жан сырласына айналады.  Бойдағы талант бұлқынып,  жарыққа шықпай қойсын ба? Назира балапандарын  қанаттандырып  алған соң өзінің ізденіс жолын  қайта жалғастыруға бетбұрды.  Түркістандағы  белгілі  әнші-термеші Аязбек Рүстемовтен  шеберлігін шыңдап,  Батыс ән өнері мектебін  үйренді.  Қазақтың кең сахарасындағы барлық өңір дәстүрлі ән өнерінің мектебін  жетік  білетін  шебер  орындаушы Назирадан  бар  білерін  аянып  қалмай,  шығармашылық  қолдау білдірді.  Бүгінде текті өнердің жас өкілі ретінде сахнада өнер көрсетіп,  ұлттық  асыл маржандарды насихаттап  жүрген  Назираның ән қоржынында Ақтамберді, Қашаған  жыраулардың қазынасы мол.  Жетісай қаласында өткен  облыстық  терме байқауында, Түркістан  қаласында өткен «Бабалар  рухы үн қатты —2023» термешілер байқауында бас жүлдені қанжығалады.  Бүгінде Назираны төл өнердің өкілі ретінде тек концерттерге емес,  тойға да құрметтеп шақырып  жатады екен. «Бұл  менің өнеріме ғана емес, халықтың рухани қазынаға деген  сұранысы деп білемін.  Дәстүрлі әндер  мейлі тойда,  мейлі концертте шырқалсын,  тыңдарманы көп және сапалы болса  бізде арман  жоқ. Өйткені қазіргі жаһандану дәуіірне бет алған  заман құбылысы ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап  қалуды талап етеді» дейді термеші қыз.

Алты баланы дүниеге әкеліп, «Күміс алқа» иегері атанған  кейіпкеріміз осылайша ұрпақ өсіріп, оны халықтық тәрбиемен  баулаға да көп үлес қосып жүр. Жолдасы Бауыржан да өнеріне үнемі қолдау білдіріп, бойдағы өнердің іште булығып қалмауына оң көзқарасын танытып отырады. Түркістанда тұрып,  төл өнерімізді асқақтатып  жүрген  термешіге айтарың көп болсын дейміз.

Реті келгенде айта кетейік, Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.

Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын  нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *