Ана — отбасының жүрегі
Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ана — отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі» атты тақырыпта облыстық іс-шара ұйымдастырылды.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып беріп, аудандағы Әжелер алқасымен қатар, Аналар кеңесі қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен отбасылық тәрбиені насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жатқанын атап өтті.
Түркістан облыстық ядролық Семей полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралтай Салықбаев өз сөзінде қазіргі таңда отбасымен қатар, еліміздің түрлі саласында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзік жандыларымыз қаншама?! Ұрпақ үшін ана тәрбиесінен асқан алтын қазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аймағымыздың алға ілгерілеуіне бір кісідей үлес қосып отырған, “бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді” тербететін аналарымыздың орны қашанда төр екендігін жеткізді.
Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметовтің айтуынша, қазақ халқының дәстүрінде әйел — анаға, отбасы ошағының сақтаушысына, әйел — еңбекқорға деген сый — құрмет ерекше болған. Аналарымызды халқымыз әрдайым құрмет тұтып, жұмақты ана табанының астынан іздеген. Адамзат баласы ана алдында қашанда басын иеді, анаға мәңгілік қарыздар. Өйткені, ана – тіршіліктің тірегі, отбасының алтын діңгегі. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының мерейі саналады, — деп ізгі тілегін білдірді.
Іс-шара барысында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттап, еңбек етіп жүрген әжелер мен аналарымызды Бақытжан Кеңесбекұлы құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапаттады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, аналарымыз біздің мақтанышымыз және сарқылмас қазынамыз, – деп жиынды қорытындылады Бақытжан Кеңесбекұлы.
Айта кетейік, Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында.
Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.
Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз.
Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.