Жұмысшы мамандықтары жылы: Түркістандық жастарға өндірісте жаңа көкжиектер ашылуда

Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы мен еңбек нарығының тұрақтылығы білікті жұмысшы мамандардың даярлығына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында еңбек адамының мәртебесін көтеріп, өндіріс орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының байланысын нығайту қажеттігін атап өткен болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығы мен Мансап орталығының ұйымдастыруымен Түркістан жоғарғы көпсалалы қолөнер колледжі мен Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің 250 студенті «Түркістан» еркін экономикалық аймағында орналасқан «Grand Miks» мебель құрастыру цехы және «Kaztor LTD» ЖШС-нің қоршау өнімдері өндірісімен танысты.

Ашық есік күнінде жастарға өндіріс процесінің заманауи технологиялары таныстырылып, дайын өнімнің түрлері көрсетілді. Компания өкілдері еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, кәсіби жауапкершілік пен еңбекқорлық туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ жұмысшы мамандардың ел экономикасын дамытудағы орны, отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі жөнінде нақты деректер ұсынылды.

Мұндай іс-шаралар жас буынға тек теориялық біліммен шектелмей, өндіріс орнындағы нақты жағдайды көруге мүмкіндік береді. Жастар үшін еңбек адамының мәртебесін сезіну, кәсібилік пен жауапкершілік құндылықтарын бойына сіңіру – болашақ маман ретінде дамудың маңызды баспалдағы.

Облыстық басқарма мәліметінше, жыл басынан бері өңірдегі 37 ірі өндіріс орнында ашық есік күндері ұйымдастырылып, оған:

  • 7 мыңнан астам мектеп оқушылары,

  • 5 мыңға жуық техникалық және кәсіптік білім алушылары,

  • 3 500-ден аса жұмыс іздеушілер қатысқан.

Бұл көрсеткіштер еңбек нарығына бейімделген жас мамандарды даярлаудағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асқан бастамалар өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жастардың болашаққа сенімін нығайтуға үлес қосуда.

Түркістандық жас буын үшін мұндай мүмкіндіктер – еңбек нарығында өз орнын табуға бағыт беретін маңызды қадам. Жүйелі түрде ұйымдастырылған іс-шаралар болашақ шеберлердің кәсіби дайындығын шыңдап, отандық өндірістің дамуына серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *