Сауранда шит себу жұмыстары басталды
Сауран ауданында жаңадан тамшылатып суару әдісімен мақта егу жұмыстары басталды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасы бойынша арнайы делегация ҚХР іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын. Осы келісім негізінде қазіргі таңда Сауран ауданында тамшылатып суару әдісімен мақта егу жұмыстары қолға алынуда.
Жақында аудан басшысы Мақсат Асылбекұлы егіндік алқапқа барып, арнайы бақылау жүргізді. Жүйнек ауылдық округіне қарасты 133 гектар жерге ЖК «Датқа» шаруа қожалығы мен Қытай Халық Республикасының «Чжунхорун» компаниясы бірлесіп су үнемдеу технологиясымен мақта егуде.
Серіктес компаниямен келісімшарт түзіліп, арнайы техникалар сатып алынған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құрал-жабдықтар мен тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. Егіндік аймақта 5 дана тік дренажды ұңғымалар қазылып, электр бағаналары орнатылған. 133 гектарға мақта егілген соң, жер үсті шлангаларын төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетейік, биыл облысымызда 873,6 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының егістікті әртараптандыру, өнімділікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, масақты дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 мың гектарға көбейіп, 281,2 мың гектарға, малазықтық дақылдар 4,2 мың гектарға артып, 227,9 мың гектарға, ал, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2,6 мың гектарға артып, 129 мың гектарға егіледі деп күтілуде.