2025 жылға дейін елдімекендердің барлығы ауыз сумен толық қамтылады
Өңірімізде ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды, қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды.
Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтек ауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысымен, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде ауыз су мәселесін арнайы күн тәртібіне шығарып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 70 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.
2024 жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.