Әйелдерде кездесетін ауру түрлері айтылды
Қазығұрт аудандық ауруханасына қарасты орталық емхана бөлілімінде бөлім меңгерушісі Б. Наженов қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Папиллома вирусы (АПВ) – екі жүзге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. АПВ сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз болып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, — дейді дәрігер.
Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені, АПВ инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді екен. Дәрігердің айтуынша, аурудың клиникалық белгілері көбіне ерте кезеңдерінде пайда болмайды. Әдетте алғашқы белгілері қоздыратын факторлардың әрекетінен кейін пайда болады.
— Вирустардың төмен онкогенді штамдары денеде сүйелдер мен тері папилломаларын пайда болдырады. Вирус штаммдарының жоғары онкогенді түрлері аногенитальды аймақта, әйелдерде жатыр мойнында және ерлерде жыныс мүшесінде кондиломалардың пайда болуын тудырады. Ағзаға вирустың 16, 18, 31, 33 типті штамының ұзақ уақыт әсер етуінен жатыр мойны дисплазиясына және одан да ауыр ауруға – жатыр мойны обырына әкелуі мүмкін, — деді Б. Наженов.
Айта кетейік, бүгін өңірімізде әйелдер қауымы білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп, ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді.