Жаңа туған сәбилерге домбыра сыйлады
Түркістан қаласында Домбыра күніне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жаңа туған нәрестелерге сыйлықтар тарту етілді.
№3 облыстық перинеталды орталығында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері айтулы мереке қарсаңында дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген домбыраны тарту етті. Жаңа туған сәбилердің ішінде Алтынбек пен Асылбек есімді егіздер, сондай-ақ Бек, Ясин, Ахмад, Саийна есімді ұл-қыздар бар.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетовтың айтуынша, халқымыздың қастерлі аспабын ұлықтаған бұл шара Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларын рухани қалыптастыру жолындағы маңызды бағдар болмақ.
Шара барысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сәбилерін құшақтарына жаңа алған аналар мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды. Аталған құттықтау хатта:
«Айналайын! Ұлы далаң, Отаның сені құшақ жая қарсы алады, айналайын! Бұдан кейін сен де ұланғайыр далаңды дүбірлеткен қасиетті домбыра үнінен рух алып, биіктерге еліңмен бірге өрлейсің. Өз өмірің бастау алатын бүгінгі күн – отбасың үшін де, Отаның үшін де ерекше күн. Ол ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспап ұлықталатын мерекемен сәйкес келуімен есте қалары анық. Бұл –халықты ортақ құндылықтардың төңірегінде топтастыруды мақсат ететін мереке» – деген ізгі ниет, жақсы тілектен туған жүрекжарды сөздер бар.