Жетісайда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 35 көше жөндеуден өтеді

Жетісай ауданында елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Жақында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов  Қазыбек би ауылдық округіндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы ең алдымен ішкі жолдарға төселіп жатқан асфальттардың сапасын, төселген тастар мен асфальттардың құрамын, қалыңдығы мен енінің ұзындығын назарға алды.

«Жолдың сапасын назарға алып, тексеру жұмыстарын жүргізу – ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ішкі жолдарда жол көлік апаттарының алдын алады. Бұл жұмыстар тоқтап қалмайды, алдағы уақыттарда да жалғасын табатын болады», — деді Серік Үсенұлы.

Аудан тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастастыра отырып, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 933 млн теңгеге Ә.Оспанов, Құрбан ата, Сырабат елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 27,9 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жергілікті бюджет және субвенция есебінен 434,3 млн теңгеге жалпы ұзындығы 11,08 шақырымды құрайтын 10 көшеге, республикалық бюджеттен бөлінген 300 млн теңгеге жалпы ұзындығы 12 шақырым көшеге орташа жөндеу, 66,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 3,92 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы (тас төсеу) жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Аудан басшысы жергілікті тұрғындармен кездесу барысында ауыл ақсақалдары мен жастарды санитарлық тазалықты сақтап, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *