Сауранда тұрмыстық қалдықтарды өндейтін цех іске қосылды

Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округінде «ND PLAST TURAN» тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу цехы іске қосылды. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қатысып, тың жобаға сәттілік тіледі.

Кешен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жылына 300 тоннадан асатын өнім өндіреді. 1 гектар аумақта орналасқан нысанда 10 адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылған.«ND PLAST TURAN» кәсіпорын басшысы Нұрислам Ебергенов алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, осы шикізаттан пластикалық құбыр шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Түркістанмен іргелес жатқан Сауран ауданының құрылғанына биыл 3 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ауданның жаңа келбеті қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты түрде жақсарып келе жатыр десек, қателеспейміз. Атап айтқанда, 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 120,4 млрд. теңгені құрап, 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 119,2 пайызға артыпты. Ал, өнеркәсіп саласында 11,1 млрд. теңгенің және өңдеу өнеркәсібінде 8,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Одан бөлек, қазір ауданда жиһаз өндіретін 25 цех жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, былтыр ауданға 34,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 500-ге жуық адам жаңа жұмыс орындарына орналасқан. Ауданда балық өсіру, мал бордақылау, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, демалыс аймағын салу сынды жобалар іске асырылған. Ал, биыл жалпы құны 37 млрд. теңгені құрайтын жиырмаға жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде қара өріктен жеміс шырынын сығу, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, жиһаз жасау, күн электр стансасын салу, индустриалды аймақ құру, тоңазытқыш және жаңбырлатып суару жабдықтарын шығару сынды жобалар бар екен.

Бүгінде Сауранда 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Бұл нысандарда өндірілген өнім көлемі былтыр 50 млрд. теңгеге жуықтаған. Ал, биыл өнім көлемін 85 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *