Гузальдің «Газелі» бар
Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны Әшіркулова Гузаль жолаушыларды таситын көлік алу үшін жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн теңге алған болатын. Қазіргі таңда Әшіркулова Гузаль адам тасымалдауға арналған «Газель» автокөлігімен ауыл аймақтарға, яғни Сарыағаш-Абай арасында халықты тасымалдап, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында ел жастарын назардан тыс қалдырмай келеді. Әсіресе, өз ісін бастаймын деген жастарға қолдау көрсетуге ерекше назар аударады. Соның нәтижесінде өңіріміздегі жастар саясатын дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында кәсіпкерлікке қызығушылығы бар азаматтарға қайтарымсыз гранттар берілуде.
Биыл «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы» аясында өңірдегі 600-ден астам жасқа 2,5 пайызбен 5 000 000 теңгеге дейін несие беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, елімізде 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданған. Онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, заманауи құндылықтар мен патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты, NEET санатындағы жастар үлесін төмендету, ауыл жастарын қолдау мәселелері қарастырылған.
Жастар үшін тағы бір тиімді жоба ретінде «ZHAS PROJECT» бағдарламасын айтуға болады. Жастардың осал топтары арасында жүзеге асырылған шағын гранттар бағдарламасына былтыр облыс бойынша 143 өтініш түсіп, ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткізілген. Содан соң келесі кезеңге өткен жастар 3 күндік семинар-тренингте білім алып, соңғы комиссия отырысында өз жобаларын қорғаған 30 үміткердің 20-сы 1 млн. теңгелік грантқа ие болған. Бүгінде бағы мен бабы қатар шапқан сол жастар қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, мүгедектігі бар жандарға тегін көмек көрсетуде.