Балқия балабақшасын кеңейтпек

Балқия Естауова Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында туған.  Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін тұрмысқа шығып, 8 қыз бен 1 ұлды дүниеге әкелген көпбалалы ана.

— Менің жастық шағым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырау кезеңмен тұспа-тұс келді. Балаларым кішкентай болатын. Әрі үйелмелі-сүйелмелі. Ол кезде ауылымызда балабақша да жоқ. Содан бір күні ауылда балаларын қайда қалдырарын білмей жүрген аналарға жәрдемдессем қайтеді деп ойладым. Онсыз да бала күтімімен үйде отырмын ғой. Солардың да балаларын қоса қарап табыс тапсам дедім. Әрине, бұл ойымды бірден іске асыра алмадым. Қой бақтым, моншада жұмыс істедім. Кейіннен ауылға «Балапан» бағдарламасы бойынша қалай балабақша ашу керектігі туралы бағыт-бағдар көрсететін, ақпарат беретін арнайы мамандар келді. Солардың сабағына қатысып, шабыт алдым. «Қалайда балақша ашамын» деген мақсатымды жүзеге асыруға бел шешіп кірістім. Сөйтіп, көп уақыт өтпей-ақ «Балапан» бағдарламасы бойынша 100 орынды балабақша аштым. Қазіргі таңда біздің балабақшамызда 100 бала тәрбиеленуде, 27 қызметкер жұмыс істейді, — дейді Балқия Естауова.

Кейіпкеріміз қазіргі таңда тағы бір балабақшат ашу үшін зәулім ғимараттың құрылысын қолға алған. Бұйыртса, екінші балабақшасын ашатын күн де алыс емес. Айта кетейік, облыс халқының 38 пайызын балалар құрайды. Олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте тәрбиеленуде. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыстарын бір сәт те тоқтатқан емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *