Ауыл – ел тірегі: Майданталда серпінді жобалар мен келелі жоспарлар бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды көркейту мәселесіне айрықша назар аударып, «Ауыл – ел тірегі. Оның өркендеуі – тұтас мемлекетіміздің дамуының кепілі» екенін атап өткен болатын. Осы орайда, Сауран ауданында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен елді мекендердегі нақты жобалар бұл бағыттағы міндеттердің кезең-кезеңімен іске асып жатқанын көрсетеді. Соның айғағы – Майдантал ауылдық округіндегі серпінді істер мен алдағы жоспарлар.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы Сауран ауданы үшін жоспарлы жұмыстар мен нәтижелі жобаларға толы болды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың Майдантал ауылдық округі тұрғындарымен өткізген есепті кездесуінде осы кезеңде атқарылған істер мен болашақ міндеттер жан-жақты сараланып, халықпен ашық форматта пікір алмасу жүргізілді.

Жиын барысында Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығындағы жұмыстар жөнінде есеп беріп, негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Аталған мерзім ішінде округтің бюджеті 34,7 млн теңгеге игерілсе, салық және жер сатылымынан 7,2 млн теңге көлемінде кіріс түскені мәлім болды. Ауыл шаруашылығы саласында 1606 гектар алқапқа дақыл егілді, ал тіркелген мал басы 24 мыңнан асты. Бұл – ауыл экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайтын нақты көрсеткіштер.

Кәсіпкерлік саласы да назардан тыс қалған жоқ. Ауылға 216 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, балабақша мен 400 ірі қараға арналған заманауи бордақылау алаңының құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік бермек.

Ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Егізқара, Ынталы және Қаражон елді мекендерінде жол жөндеу, ауызсу жүйесін жаңарту, электр желілерін күшейту, саябақ пен спорт кешенін салу сынды ауқымды жобалар қолға алынған. Сонымен қатар, 2025–2026 жылдары балалар ойын алаңдары, аялдамалар мен ауыл кіреберісіндегі арка жөнделіп, ауылдың келбеті жаңартылатын болады.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Әсіресе, мектеп пен медициналық нысандарды жаңарту, жаңа жұмыс орындарын ашу секілді мәселелерге ерекше назар аударылды. Бұл сұрақтарға аудан әкімі нақты жауап беріп, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

– Біз Майдантал ауылдық округінің әлеуетін толық пайдалануымыз қажет. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асырылады, – деді аудан басшысы.

Бүгінде Сауран ауданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, экологияны сақтау мен туризмді дамыту – аудан басымдығы ретінде айқындалған. Ал Майдантал – болашағы бар ауыл. Мұнда халықтың белсенділігі, жергілікті биліктің ашықтығы мен үйлесімді жұмысы ел сенімін ақтауда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *