Түркістан қаласындағы ғимараттарда ұлттық нақыштар көрініс табады

Бұдан былай Түркістан облысында ғимараттар мен нысандар сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынатын болады. сонымен қатар, басталған жұмыстың аяқсыз қалмауы қатаң қадағаланады. Бұл маңызды мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тікелей бақылауына алынып отыр.

Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте жаңа жобалар таныстырылды. Аймақ басшысы жаңа нысандар мен инвестициялық жобалардың қаланың Бас жоспарына сәйкес жүзеге асуын қатаң бақылауды ескертті.Өңірде жұмысына салғырт қараған мердігерлермен тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттен жер алып, жарты жолдан құрылысын аяқтай алмай отырғандар қалада да бар. Облыс басшысы жаңадан келген кәсіпкерлерге құрылысты бекітілген кесте бойынша аяқтауды қатаң тапсырды. Түркістан қаласында салынатын ғимараттардан шығыс және ұлттық сәулет нақыштары көрініс табуы тиіс. Бұл да басты талаптардың бірі.

Мәжілісте бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Олардың басым бөлігі Әкімшілік-іскерлік орталығында орналаспақ. Мәдени-рухани орталығында орналасқан Өнер мұражайы мен Қолөнершілер орталығының ішкі көрінісінің жобасы талқыланып, тиісті ескертпелер берілді. Ұлы Жібек жолының бойындағы шаһардың орталығында бой көтеретін жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр.

– Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуы тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Жаңа жобалар қалаға өте қажет. Ешқандай кідіріс болмауы керек. Бұл, түптеп келгенде, біздің өңірдің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Әр нысанның өз мақсаты, идеологиясы және жұмыс орнын ашатын әлеуеті болғаны жөн, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *