Ауыз су құбырлары жаңартылмақ

Биыл Түлкібас ауданы Жабағылы ауылындағы су құбыры толығымен қайта құрылымдаудан өтпек. Кеңес одағы кезінде тартылып, 45 жылдан астам уақыт бұқараға қызмет етіп келген 49 шақырымнан астам су құбыры толығымен жаңартылып, нәтижесінде 403 абонент жаңа жүйеге қосылып, 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтылмақ.

Аталған елді мекенге аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге арнайы барып, ауылдың белсенділері және мердігермен бірге нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.

Жауапты мердігерге құрылыстың сапалы болуын ескертіп, құбыр тарту жұмыстарын бірінші кезекте биыл ауылдағы жөндеуден өтетін көшелерден бастау керектігін атап өтті.

Туристерінің сүйікті орнына айналған Жабағылы ауылының асфальт жабындысы төселмеген 7 көшесіне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Дәл осындай ауыз су жүйесін толық жаңарту жұмыстары Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылдық округінің Машат ауылында да атқарылуда. Ол жерде 32 шақырымнан астам су жүйесі тартылып, 357 абонентті жаңа су жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, облыста елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту критерийлері жасалған. Онда ең алдымен мүлдем су, газ құбыры жоқ ауылдардың мәселесін шешуге басымдық берілген. Сонымен бірге су көздерін барлау жұмыстары назарға алынған. Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған. Ауыз су бойынша 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табады немесе жағдайы жақсарады деп жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *