Төлеби ауданында медициналық қызметтің қолжетімділігі артып келеді

Халық денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бұл мәселеге үнемі баса назар аударып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды.

Түркістан облысының Төлеби ауданында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ауданда 55 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 2 аурухана, 2 емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 24 фельдшерлік-акушерлік пункт, 15 медициналық пункт және 1 жедел жәрдем бекеті жұмыс істейді. Бұл мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 84,8 пайызды құрап отыр. Бұл ауданның денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымдық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауылдағы медициналық қызметтің сапасы – елдің денсаулық сақтау жүйесінің жалпы жағдайының көрсеткіші. Әрбір ауыл тұрғыны білікті көмекке қол жеткізуі тиіс», – деп атап өтті. Осы ұстанымды негізге ала отырып, Төлеби ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қарқынды іске асырылуда.

Жоба аясында Диханкөл, Жаңажол, Зертас елді мекендерінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Кеңесарық ауылында жаңа ФАП, ал Аққұм елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Бұл нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, білікті кадрлармен қамтамасыз етілуде. Мұндай мекемелер шалғай ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті уақтылы әрі сапалы түрде алуға жол ашты.

Жеке инвестициялардың бұл салаға тартылуы да ерекше атап өтуге тұрарлық. Леңгір қаласында «Яссин» ЖШС 1,1 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салып, жаңа емхана құрылысын бастауға ниетті. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын мысалы болмақ.

Қорыта айтқанда, Төлеби ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен үкіметтік бағдарламалардың табысты жүзеге асуының нақты көрінісі. Бұл жұмыстар тек Төлеби өңірі үшін емес, бүкіл Түркістан облысы мен еліміздің ауылдық аймақтары үшін үлгі бола алады.

Алдағы уақытта ауданда телемедицина жүйесін енгізу, медициналық қызметтің жылдамдығы мен қолжетімділігін арттыратын цифрлық шешімдерді қолдану жоспарланған. Сондай-ақ ана мен баланы қорғау, жұқпалы емес аурулардың алдын алу, скринингтік тексерулерді кеңейту жұмыстары да жалғасатын болады. Бұл – ұзақ мерзімді қоғамдық денсаулық сақтау стратегиясының маңызды бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *