Кентауда ауыз су және кәріз жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылуда

Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерді сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде бұл салада нақты нәтижелер бар және алдағы жылдарға межеленген ауқымды жоспарлар жүйелі түрде іске асырыла бастады.

Қазіргі таңда Кентау қаласы және оған қарасты елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Бұл – қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жетістіктердің бірі. Алайда, сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртып, болашақта тұрғындарға тұрақты әрі үздіксіз қызмет көрсету үшін қосымша шаралар қолға алынуда.

Мәселен, Біресек су станциясының қуаттылығын арттыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті мемлекеттік сараптамадан өтті. Жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрайтын бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Кентау қаласындағы ауыз су сапасы мен тарату жүйесінің тиімділігі айтарлықтай артады.

Сонымен қатар, қаладағы ескі су құбырларын кезең-кезеңімен жаңарту бағытында демеушілер де белсенді атсалысуда. Атап айтқанда, «KZ Invest Construction» ЖШС-нің демеушілігімен «Болашақ» мөлтек ауданындағы 15 көшенің тозығы жеткен су құбырлары толықтай ауыстырылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етті.

Сондай-ақ, «Беспаевтар» ЖШС-нің қолдауымен «Шұғыла» мөлтек ауданына дейін диаметрі Ø500 мм, ұзындығы 5,2 шақырым болатын магистралды су құбыры тартылуда. Бүгінгі таңда оның 3 шақырымының құрылысы аяқталып, қалған бөлігі 2025 жылдың қыркүйегіне дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Кәріз жүйесін жаңарту бағытында да оң серпін бар. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының 78,1 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған тұрғындарды қамту мақсатында Кентау қаласында кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Құжаттама рәсімделіп біткен соң құрылыс жұмыстары басталады.

Жалпы, ауыз су және кәріз жүйесін жаңарту – тек инфрақұрылымдық емес, сонымен бірге тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кезең-кезеңімен әрі тұрақты жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *