Сайрамдағы Шафиға апа шырын ірімшіктер дайындайды
Түркістан облысында өткізілген мәдени шаралардың бірінде әзірбайжандық ағайындардың этномәдени бірлестігінің жетекшісі Рамиля Мұстафаевамен танысқан болатынмын. Уақыт өте келе Рамиля Мұстафаевамен жақын араласып кеттім. Өзі сондай бауырмал жан болғандықтан, жиі-жиі хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрамыз. Бүгінде аталған этнос өкілдерінің арасында да достарым көбейе бастады. Олардың өлеңдерін, ұлттық музыкалық аспаптарда орындаған күйлерін, тілін түсініп тыңдай алатын болдым. Ұлттық салт-дәстүрге, мәдениетке деген құрметім арта түсті. Ұлттық тағамдары мені өзіндік ерекшелігімен, дәмімен тамсандырды. Отбасымда жайылатын дастарханның сәніне айналып үлгерді.
Әзірбайжан халқы өте қонақжай халық. Әзірбайжандардың ұлттық тағамы – ірімшік. Бірде бір досымның үйіне барғанда сол ірікшіктің қалай дайындалатынын көрдім. Ерекше дәмі бар ұлттық тағамды дайындайтын адамдармен таныстым. Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында тұратын Шафиға Әмірова апамыз мұны өзінің кәсібіне айналдырыпты. Ол осылайша өзімен бірге көрші тұратын келіншектердің де табыс табуына жағдай жасауда екен.
Соңғы кездері ірімшік жасауға 1 тонна сүт ала бастапты. 4 әйел күн сайын кешке 3 сағат уақытын осында өткізеді екен. Мұнда әр қазанға 100 литрдей сүт құйылады. Шафиға апа ірімшікті сүттің сары суынан қалай бөліп алынатынын көрсетті. Содан кейін ірімшікке аздап тұз себіліп, арнайы ыдыстарға пішінін шығару үшін салынады.
— Бұл жұмысқа кіріскеніме біраз уақыт болды. Біздің ұлттық тағамдарымыз Әзірбайжанда ғана емес, Қазақстанда да жасалуда. Қазір той-думандарымызды, дастарханға осындай ұлттық тағамдарымызды қоямыз, – деді шағын цехтағы жұмысшылардың бірі.
Қазір бұл шағын цехтан күніне 60-70 келі ірімшік базарға жөнелтіледі. Мұндағы жұмысшылар өздерінің сүйікті ісімен айналысып, табыс тауып жатқандарына дән риза.
Мақаланы жазу барысында Шафиға ападан «Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?» деп сұрадық, ол:
— Осыдан бірнеше жыл бұрын үйімізде шағын дүкеніміз болды. Ауылдастарымның көбі жұмыссыз, көбі үйде мал бағып, сиыр сауатын. Тауарды қарызға жаздырып алатын, кейде «орнына сүт берейікші» дейтін. Сүттің күннен-күнге көбейе берді. Жолдасым тек құс шаруашылығымен айналысады, мал шаруашылығымен айналыспайды. «Осыншама сүтті не істеймін?» деген сұрақ мені мазалай бастады. Міне, бүгінде осы сауалдың жауабын тауып, өз кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Жұмыс іздеп жүрген ауылдастарымды да ірімшік жасауға тарттым, — деп жауап берді кейіпкеріміз.
Цехта жұмыс істейтін Әлиакбарова ханымға жарты жыл бұрын омыртқа грыжасына ота жасалған. 3 айлық сауығу кезеңінен кейін дәрігердің кеңесі бойынша омыртқаны көбірек қозғалтуым керек болды. Қазір күніне төрт қазанға ірімшікті кезек-кезек жасап, шырынын сығамын. Мұндай белсенді әрекеттер менің сүйектерімнің қозғалысын жақсартады.
— Мен фитнес клубқа бара аламын. Бірақ, денсаулығымды да ретке келтіретін әрі сол кеткен уақытыма табыс табатын мұндай мүмкіндік екінің біріне туа бермейді ғой.
Әйел адам күні бойы үй шаруасымен айналысса, оның дүниетанымы тарылып қалады. Сондықтан, ортамен қарым-қатынас жасау, адамдармен араласу, жұмыс істеу адамды көп нәрсеге тәрбиелейді. Мен 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Үш баланы дүниеге әкелдім. Қазір зейнеткермін. Бос уақытымды немерелерімді тәрбиелеуге, өзімнің сүйікті ісім құс өсіруге арнаймын. Мен асыл тұқымды құстарды өсіремін. Оларды сатып алатын тұрақты тұтынушыларым бар. Тапсырыс та қабылдаймын. Қартайғаныма қарамастан мен белсенді болуым керек деп ойлаймын. Егер де белсенді болмасам ауру мені жеңіп кетуі мүмкін, — дейді Әлиакбарова ханым.
Оның айтуынша, мұндай шаруалар Әлиакбарова ханымды қатты шабыттандырады.
— Балаларымды өмірді сүюге, ұлттық салт-дәстүрімізді бағалауға шақырамын. Адам ең алдымен өз ұлтын сүюі керек. Ол өзінің салт-дәстүрін, құндылықтарын біліп, бағалай білуі қажет. Өйткені, бұл бізге ұрпақтан қалған мұра. Мәселен, біз әзербайжандар келін мен ененің қарым-қатынасына ерекше мән береміз. Келін болып түскенімнен кейін бірнеше айдан кейін жолдасымның анасымен сөйлесуге рұқсат алдым. Салтымыз бойынша келін қайын атасымен сөйлеспеуі керек.
Дайын ірімшіктерді тоңазытқышқа салып жатқан Сирия Әмірова әпкемен де тілдестік. Ол Шафиға апайға қатты қызығатынын айтты. 5 баланың анасы 53 жасында зейнеткерлікке шығып, 4 жылдан бері ірімшік жасап келеді екен.
— Біз карантин кезеңінде де жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз, — дейді ол. Әңгіме барысында Шафиға апа осы аптада тапсырылған сүттің сапасына көңілі толатынын айтты.
Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында 40-тан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті тіршілік кешуде. Жалпы елімізде 120-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Соның ішінде өзге ұлт өкілдерінің 106-сы біздің өңірде тұрады. Бұл біздің байлығымыз. Біздің жеңісіміз, жемісіміз осыған байланысты.
Бүгінде Сайрам ауданында 8 ұлттық этномәдени бірлестік белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Соның ішінде әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілдері де өңірдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Реті келгенде баяндай кетейік, жалпы алғаш рет әзірбайжан этносының өкілдері Қазақстанға ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Бүгінде әзірбайжан этносы өкілдерінің саны 130 мыңға жуық адамды құрайды. Әзірбайжан этносы өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген.
Әзірбайжандықтардың этномәдени бірлестіктерінің қызметін Қазақстан әзірбайжандарының «Вэтэн» конгресі қадағалайды. 2011 жылы Қазақстанда Әзірбайжан мәдениетінің күндері өткен болатын. Аталмыш шара Қазақстан мен Әзірбайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған еді. Бакуде қазақстандық дипломатиялық өкілдік ашылған сәттен бастап Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің есімін иеленген Достық қоғамы белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қазақстан және Әзірбайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 20 жылдығы шеңберінде Бакуде Абай Құнанбаев атындағы көшенің ашылуы мен ескерткіш тақтаның орнатылуы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен Баку мемлекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ашылуы, ішкі ұлттық жиһаздарымен 10 қанатты қазақ киіз үйінің тұсаукесері, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әзірбайжан тілінде шыққан «Қазақстандық жол» кітабының тұсаукесері, «Астана» деген атпен ұйымдастырылған Қазақстан мен оның елордасы туралы фотокөрменің ашылуы, Қазақстан киносының апталығы сияқты салтанатты шаралар өткізілді.
Әзірбайжандардың ұлттық киімдері халықтың тарихымен, рухани және материалдық мәдениетімен тығыз байланысты. Ер адамдардың киімдері: уст кейнейи (жейде), габа және чуха (екеуі де иыққа жабылады), кюрк (қой терісінен жасалған тон). Папах, яғни, бас киім әрбір ер азаматтың абыройы саналады, оны жоғалтып алу намыстан жұрдай болумен пара-пар. Джораб аталатын шұлық та кез келген аяқ киімнің ішінен киіледі.
Ал, әйелдердің үстіңгі киімі чадру, бетті жабатыны рубенд деп аталады. Көбіне ашық түсті маталардан тігіледі. Бір аймақтарда қысқа етекті көйлекпен дамбал киілсе, келесісінде тек ұзын көйлектер киіледі. Бастарына барқыттан тігілген әртүрлі пішіндегі тақияларды киіп, астына орамал тағады. Кейбір киімдерде чутгу деген шаш салатын жасырын қалталары болады.