Батыс Қазақстан облысында орманға кіруге шектеу енгізілді
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, күннің ыси түсуіне және ормандарда жоғары өрт қаупіне байланысты облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес «Өрт қаупі жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлік құралдарымен кіруіне, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік орман қорының аумағында жекелеген жұмыстарды жүргізуге» шектеулер енгізілді.
«Ормандарға баруға тыйым салу немесе шектеу енгізу азаматтардың қауіпсіздігін, олардың мүлкінің, сондай-ақ орман қорының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Шешім ауа температурасының көтерілуі, жауын-шашынның болмауы, желдің күшеюі секілді күн райы факторларының негізінде қабылданады.
Ауа райы тұрақталғаннан кейін орманға баруға салынған тыйымдар мен шектеулер алынып тасталады.
Шектеу сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін қолданылады. Орман шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалардың, бақылаушы органдардың көліктерін қоспағанда, басқа көлік құралдарының тоғайға кіруіне, азаматтардың орманда осы салаға қатысы жоқ жұмыстарды жүргізуіне тыйым салынады. Инспекция ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 367-бабына сәйкес құрғақ шөптерді жағу, ашық отты пайдалану және от жағу тәртібін реттейтін өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғатынын ескертеді»,- деп хабарлады ведомстводан.
Инспекция мәліметі бойынша БҚО-да мемлекеттік орман қорының жалпы алаңы 219 мың 923 гектар болса, соның 89 576 гектары тоғаймен көмкерілген.