Аналар кеңесі — Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі құрылымы

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жоспарына сәйкес, Сайрам ауданындағы Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің психологы Кулахметова Нозакат пен «Жастар» ұйымының төрайымы Уразматова Ардақтың ұйымдастыруымен аталмыш оқу орнында «Иманды қыз- аяулы ана» тақырыбында  семинар трениг өтті.

Шараның негізгі мақсаты қыздардың бойына халқымыздың әдет-ғұрып мен салт-дәстүрлерін сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру болды. Қыз балаларды әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиелеу де өте маңызды.

Семинарға Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Абдирашитова Замира Азатбекқызы, Астанова Мавлуда Эрполатқызы, колледжіміздің аға ұстаздары Кушербаева Ұлтай, Кайнарбекова Мавжуда және колледж оқытушылары қатысты.

Семинарда Уразматова Ардақ «Иманды қыз- аяулы ана» атты тақырыпта баяндама оқыды.

— Адамзат ес білгелі өз ұрпағын тәрбиелеумен келеді. Ұрпақ тәрбиесі-ұлт тәрбиесі. Адамзат өз баласын өте тәртіпті, кішіпейіл, білімді, инабатты, үлгілі әке немесе шеше, бақытты ата-ана ретінде көргісі келеді. Сол арман, сондай тұлға әр адамның бойында қалыптасқан. «Отан-отбасынан басталады» дейміз. Отанымызда да, отбасымыздың да алтын босағасы-әйел адам. Әйел адамның табиғи қадірін, адамзат өміріндегі үлкен орнын көрсетеді. Өйткені адамды дүниеге келтіруші де, тәрбиелеуші де әйел-ана. Әрбір ана қыз баласын елге сыйлы, өнегелі, кішіге үлгі болатындай әркез жақсы жағынан көрсем деп өзінің бойындағы өмірден алған тәлім-тәрбиесін үйретумен болған. Әрбір отбасында «Баланы бастан…..» деп басталатын тәрбие қандай тағылым десеңізші? Оны ата-бабаларымыз қоғамдық орта тәрбиесімен қандай шеберлікпен ұстастырған. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз, — деді Ардақ Уразматова.

Ал, Абдирашитова Замира қыздар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, аруларға өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті. Колледжіміздің психологі Кулахметова Нозакат аналар мен білім алушыларға тренинг өткізді. Тренинг барысында семинарға қатысушылар «Доп лақтыру», «Гүл теру», аяқталмаған сөйлем «Менің балам …» , «Отбасылық құндылық ағашы» атты жаттығуларды орындады.

Әйел-бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді. Бесігіміз түзелмей-еліміз толық түзелмейді. Сондықтан да болашақ аналарымызға қашан да артылар жүк ауыр.

Реті келгенде Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі құрылымы болып табылатын Аналар кеңесінің құрылу тарихына тоқтала кетейік. Аналар кеңесі өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Олардың құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2013 жылдың 4 сәуірінде өткен XX сессиясында сөйлеген сөзі.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырма берілді. Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады.

Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай – ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.

Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап өтіледі. Отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас: ең басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Аналар үшін біздің жеңістерімізді, жетістіктерімізді, ең бастысы, біздің аса зор құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз аса маңызды мәселе.

Сонымен қатар, мына мәселені де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе. Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз.

Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды.

Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастыққа жұмыс істейді. Соның бір дәлелі ретінде біздің оқу орнында өткен іс-шараны айтуға болады.

Ұлпан АБЗЕЛОВА,

Анвар Исмаилов атындағы

кәсіптік колледж директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

Сайрам ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *