Закираның банкаларына тапсырыс берушілер көп

Ордабасы ауданында кәсіптің көзі көп. Кәсіпкерлердің бірі сүт өнімдерін шығарса, екіншісі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Мұнда шұжық шығаратын кәсіпорын да жұмыс істейді. Біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Банка жабуды кәсіпбіне айналдырып отырған Көктөбе ауылының тұрғыны Закира Төлентай жайлы болмақ.

Қазір оны аудан жұртшылығы жақсы таниды. Шағын кәсіпорнынан қысқа азығын алып кетіп бара жатқан адам көп. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші күні бұрын тапсырыс беріп қоятындар да бар екен.

— Бұл негізінен әрбір әйелдің үйде істейтін шаруасының бірі ғой. Алғашқыда бос уақытымда тапсырыс берушілерге аздап банка жауып беріп жүрген болатынмын. Ол кезде мұны түбегейлі кәсібіме айналдыратын деп ойламадым. Тапсырыс берушілерден басқалар естіп, осылай кәсібін басталып кетті.

Қызанақтан салаттың түр-түрін, қиыр, компот, тосап жабамын. Бау-бақшаның барлығы пісіп біткенше, бел жазбай еңбек етуге тырысамын. Қазір бір маусымда 7 мыңға дейін банка жабатын деңгейге жеттім. Тапсырыс берушілер алғысын айтып, ризашылығын білдіріп кетеді. Бұл маған үлкен күш-қуат сыйлайды, — дейді Закира Төлентай.

Расында да адамдардың разылығы бәрінен қымбат қой. Закира Төлентай тұтынушылардың тауардың бағасына да, сапасына да риза болғанын қалайды. Тек табиғи дүниелерден жасалынатындықтан, оның өніміне сұраныс жоғары. Кейіпкеріміз жарнама жасап, келушілерді күтпейді. Өңірімізде өткізіп тұратын жәрмеңкелерде де оның банкаларына қызығып, сатып алатындар көп. «Осымен қыстан шығамыз» деп 50 шақтысын бірден алып кететіндер де кездеседі екен.

Закира Төлентайдың ендігі арманы кәсібін одан ары қарай жүргізіп, өнімдерін көбейтіп, өз брендін қалыптастыру. «Осы алдыма қойған мақсатыма қол жеткізуім үшін тынбай еңбектенудемін» дейді ол.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Айталық, бүгінде облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *