Сайрам ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100 жобаны қаржыландыру ұсынылды
Сайрам ауданында бүгінде 236 мыңнан астам халық тұрады. 11 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Бұл облыс халқының 11 пайызын құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша айтар болсақ, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталып, көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалды.
Басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 257,8 млрд. теңгеге жетіп, алғыңғы жылмен салыстырғанда өсім 107 пайызды құрады. Жалпы өнімнің 54,3 пайызы ауылшаруашылығы саласына тиесілі болса, 18,9 пайызы өнеркәсіп саласына, 19,7 пайызы сауда саласының үлесінде. Ал, биыл жалпы өнім көлемін 281,8 млрд.теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 139,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 12,1 пайызын құрады. «Шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 15 млрд. теңгеге артқан», — дейді сала мамандары. Өткен жылы егін шаруашылығында 55,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 52,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылып, жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. жалпы Сайрам ауданынан бұл жобаға өткен жылы 4 ауылдық округі енген болатын. Жоба аясында 261 азаматтың жобасы ұсынылып, 207 жобасы 1,2 млрд.теңгеге мақұлданып, қаржыландырылды. Оның 201 жобасы немесе 97 пайызы мал шаруашылығы, 3 жоба балық шаруашылығы, 3 жобасы өз кәсібін ашу бағытында. Бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету мақсатында, 11 әлеуметтік көмек алушыға 48,3 млн.теңге несие берілді. Биыл Арыс, Қарамұрт, Қарасу, Манкент ауыл округтерінен 100 азаматты жобаға қатыстырып, 866,1 млн.теңгеге қаржыландыру жоспарда.