Шардара ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 елді мекенде 5 жоба іске асырылмақ

Шардара ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 2 есеге өсіп, былтыр 113 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 13,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 9 пайызға өсіп, 2023 жылы 11 мыңға жуықтады.

Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, алдымен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Облыс әкімі инвесторлармен зауыт ашу мәселесін талқылады. Мемлекеттен қолдау болатынын айтып, Түркия елінен келген кәсіпкерлерге негізгі талаптарды түсіндірді.

– Бізге ең керегі – халықты үйрету. Жаңа кәсіпті дамытудың жолдарын, оның қыр-сырын жергілікті тұрғындарға үйрету керек. Жаңа кәсіп бастауға Түркістан өңірінің әлеуеті мол. Зауытты Түркістанда ашуды ұсынамын. Өңірде су үнемдеуден технологияларын ендіру жұмыстарына күш салынған. Шаруаларға қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.

Өңір басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін көрді. Қожалықтың егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен. Оның барлығына тамшылатып суару әдісін қолданған.

Дархан Сатыбалды Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасында болды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 млн. теңге инвестиция тартылған. Кәсіп иесі Бақтыкерей Омар мемлекеттік қолдау арқылы жылына өндіретін өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.

Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына барған іссапарында Көксу ауылдық округінің шаруаларымен кездесті. Әкім 10-ға жуық ауыл орналасқан бұл аумақтағы коммуналдық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстарын қадағалады. Бұл каналда 30 жылдан астам уақыттан бері алғаш рет тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шаруалар су жүйелерінің тазаланғанына дән риза. Облыс әкімі жергілікті шаруалармен кездесіп, ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары жылдар бойы қараусыз қалған су арналарының өткен жылдан бері тазаланып жатқанына алғыстарын айтты. Бұдан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Шардара ауданын дамыту жұмыстары туралы кеңінен айтып берді.

– Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Шардара ауданында 2023 жылы 4 елді мекенде 1,2 млрд. теңгеге 21 жоба жүзеге асырылды, биыл 4 елді мекенде 629 млн. теңгеге 5 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгін «Тұрар» шаруа қожалығында болып, суды үнемдеу технологиясын енгізіп, тамшылатып суару әдісімен өнім алып отырғандығын көрдік. Бұл тәжірибені басқа да шаруашылықтарға енгізуді ұсынамын. Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста 330 орта білім ұйымын жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы – «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 317 мектепте орнатылды. Оның ішінде Шардара ауданында 8 мектепте толық іске қосылды. Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің күнделікті бақылауымда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, былтыр ауданда ауыл шаруашылығының өнім көлемі 66,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 8 пайызға кем орындалған. Жеңіл өнеркәсіп өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 490 млн. теңгеге төмендеген. «Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін де арттыру керек. Осы салаларда жұмыстарды күшейткеніміз жөн», – деген облыс әкімі тұрғындарға сұрақтарын еркін қойып, ұсыныстарын жеткізуді сұрады.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді. Кездесуде шардаралықтар инфрақұрылым, ауыз су, кәсіпкерлікті қолдау, жеңілдетілген несие, субсидия беру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты.

Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Атап айтсақ, ауыз су мәселесін шешу үшін облыстық энергетика басқармасы тарапынан республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті құжаттар ұсынылған. Ақшеңгелді және Достық ауылдық округтеріндегі жекеменшікке өтіп кеткен 8 каналды тазалау, сатып алу мәселесі талқыланып, тапсырмалар берілді. Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 1517 мұқтаж азаматты, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы 502 отбасыны үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2026 жылдары жалпы 570 пәтер сатып алу көзделген. 2023 жылы 960 млн. теңге қаралып, 100 пәтер сатып алынды. 2024 жылы – 120 пәтер, 2025 жылы – 150 пәтер, 2026 жылы 200 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша аудандағы индустриалды аймақты кеңейтіп, инвесторларды тарту, балық шаруашылығы мен туризм саласын дамыту бойынша да нақты міндет жүктелді.

Жаңа форматта басталған кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Халықпен кездесуден соң өңір басшысы жеке қабылдау өткізді. Мәселені қалай шешу керектігін айтып, жолдары мен жүйесін түсіндірді. Тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.

Қабылдауға жазылған азамат Қоссейіт ауылдық округіне мектеп құрылысын жүргізуді сұрады. Жалпы мұнда 2 жалпы орта мектеп бар. Оған қоса жаңа 300 орынды жайлы мектеп ғимаратын салу үшін арнайы жер телімі қарастырылған. Бүгінде тиісті басқармаға ұсыныс енгізілген. Келесі өтініш иесі Шардара аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің жұмыстан қудалауына шағымданды. Содан соң тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Егізқұм ауылының тұрғыны жер мәселесін көтерді. Шаруаларға арналған несие мәселесі бойынша да сауал қойылды.

Балық шаруашылығына арналған жерлерге конкурс өткізуді сұрады. Көксу ауылындағы Сырдария емханасына жедел көмек көрсету қызметін ашу мәселесі мен ауыл шаруашылығына төмендетілген 2,5% несие бөлу мәселесі көтерілді. Келесі азамат ауыл шаруашылығына арналған несие мәселесін қозғады. Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтар жеке өтініштерін айтты.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдау барысында тұрғындардың сұрағына заң аясында тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелердің ертерек шешімін табу бойынша тиісті мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *