Қазығұртта электр станциясы іске қосылды
Қазығұрттағы электр станциясы өңірімізде қуат көзін өндіруге екпін берді деуге болады. Жалпы бұл ауданда қолға алынған ірі жобалардың бірі болды. Толығырақ айта кетсек, қазіргі таңда Қақпақ елді мекеніндегі «Ынтымақ» өндірістік кооперативі құны 700 млн. теңгеге электр қуатын өндіретін шағын су электр станциясы іске қосылып жұмыс істеуде. Қуаттылығы — 1,3 МВт.
Айта кетейік, ауданда өнеркәсіп өнім көлемі бойынша өткен жылғы жоспар 11,4 млрд. теңге болса,оның нақты орындалуы 11,9 млрд. теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды. Оның 9,3 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. 2024 жылы алға қойып отырған жоспар – 15,3 млрд.теңге.
Былтыр ауданда құны 4,2 млрд. теңге болатын 58 инвестициялық жоба іске асырылып, 243 адам жұмыспен қамтылды. Ал, биыл 14 млрд. теңгеге 67 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 479 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар, бөлшек сауда көлемі 2022 жылы 8,8 млрд. теңгеге орындалса, 2023 жылдың қорытындысымен 11,6 млрд. теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,8 пайызға артық болды. Ағымдағы жылғы жоспар – 13,7 млрд. теңге.
2022 жылы негізгі капиталға 23,1 млрд. теңге инвестиция бағытталса, оның 17,0 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен болды. Ал, 2023 жылдың қорытындысымен ауданға 33,6 млрд. теңге инвестиция тартылса, оның 27,4 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен болды. Ағымдағы жылғы жоспар 35,9 млрд. теңгені құрап отыр.
Қазығұрт ауданында тартылған жеке инвестиция көлемі жыл сайын артуда. Өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 4 жылда 60 пайызға өсіп (2020 ж – 9166), 14 мыңнан асты.
Жалпы өңірімізде 412,1 МВт электр энергиясын өндіретін 26 электр көздері бар.