Сайрам ауданының агросаласы: шектеулі ресурс – шынайы мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласының еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше мән беріп келеді. Президент: «Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Ол – жаңа экономикалық бағыттың негізгі тіректерінің бірі», – деп атап өткен болатын.

Бұл стратегиялық ұстаным Түркістан облысының ең тығыз қоныстанған өңірлерінің бірі – Сайрам ауданында нақты іске асырылып келеді. Демографиялық тығыздық әсіресе ауылдық аумақтарда сезіледі. Халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл саладағы кез келген өзгеріс өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей әсер етуде.

Бүгінде ауданда 9 мыңға жуық шаруа қожалығы тіркелген. Алайда олардың көбі – ұсақ шаруашылықтар. Кейбірінде жер көлемі небәрі 0,05 гектардан аспайды. Жер телімдерінің тапшылығы – аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бос жер қорын бөлу мүмкіндігі шектеулі, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға кедергі келтіруде.

Дегенмен, осы қиындықтарға қарамастан, агросалада мемлекеттің жүйелі қолдауы айқын нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекітілген бұйрықтары аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту (№108 бұйрық, 2009 жыл), инвестициялық салымдарды субсидиялау (№117 бұйрық, 2018 жыл), акваөнімді қолдау (№180 бұйрық, 2018 жыл) сияқты нақты механизмдер іске қосылған.

Субсидия беру рәсімдері электронды форматта жүзеге асырылады. Өтінімдер арнайы портал арқылы қабылданып, құжаттар Ережеге сәйкес рәсімделген жағдайда белгіленген мерзімде қаралады. Соңғы жылдары осы жүйенің арқасында аудан шаруашылықтарында ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтар паркі жыл сайын орта есеппен 6–6,5 пайызға жаңартылып келеді. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға және шаруалар үшін қолайлы жағдай жасауға жол ашты.

Жаһандық климаттың өзгеруі аудандағы ауыл шаруашылығы жағдайына да өз әсерін тигізуде. Егіншіліктің негізгі тірегі – Ақсу өзеніндегі ағын су көлемі айтарлықтай азайған. Егер 2015 жылы өзендегі су мөлшері 14–15 м³/секундты құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 7–8 м³/секундқа дейін төмендеген. Су тапшылығы әсіресе суармалы егіншілікпен айналысатын шаруалар үшін үлкен қиындық тудырып отыр.

Осыған байланысты ауданда су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Өткен жылы 1012 гектар егістік алқапқа заманауи су үнемдеу әдістері енгізілді. Бұл тәсіл су ресурстарын тиімді пайдалануға және бір маусымда екі рет өнім алуға жол ашты. Бұл тәжірибе алдағы уақытта кеңінен қолданысқа енгізілмек.

Сондай-ақ, маусымдық өнім өткеру мәселелері де кездескенімен, жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруі және мемлекеттік қолдаулардың арқасында жүйелі дағдарысқа жол берілмей отыр. Ішкі нарық пен өңірлік деңгейде өнім өткізу жолдары әрдайым назарда ұсталады.

Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығы саласы тығыз қоныстану мен шектеулі ресурстарға қарамастан, нақты даму бағытын ұстанып келеді. Мемлекеттік қолдау тетіктері, инновациялық тәсілдер және шаруалардың икемді бейімделуі – өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып отыр. Алдағы кезеңде су мен жер тапшылығына қатысты тиімді шешімдер қабылданса, Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы саласында тек облыс емес, республика деңгейіндегі көшбасшы өңірге айналары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *