Сенат сайлауына Түркістан облысынан екі кандидат қатысады
Түркістан облысынан Парламент Сенатының сайлауына 2 кандидат қатысады. Олардың бірі Жетісай ауданының әкімі болса, екіншісі Ордабасы ауданы әкімдігінің аппарат басшысы қызметін атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бастапқыда өз кандидатурасын 6 үміткер ұсынған болатын. Кейін бір үміткер отбасылық жағдайына байланысты құжаттарын кері қайтарып алған. Ал, тағы бір кандитаттың мүлік салығы жөніндегі декларациясын тексеру кезінде шикілік шыққаны үшін тіркеуден алынып қалды. 24 желтоқсан күні аймақта 4 кандидат үгіт-насихат жұмыстарын бастағанымен, кейін оның екеуі өтінішін қайтарып алды.
Сонымен, сайлауда 2 үміткер бақ сынамақ. Олардың бірі – Қадырбек Мұрат Болатұлы 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары: заңгер, құқықтану магистрі. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Жетісай ауданының әкімі.
Ал, екінші үміткер – Ақмұратов Мирамбек Жамаділұлы 1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында дүниеге келген. Алматы экономикалық университетінің түлегі. Қазіргі таңда Ордабасы ауданы әкімдігінің аппарат басшысы қызметін атқарады.
«Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 14 қаңтарға белгіленген сайлауға дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Сайлау сағат 11:00-де басталады. Дайындық жұмыстары ҚР Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік бекітілген іс-шарасына байланысты талапқа сай атқарылды», — дейді облыстық Аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауы 14 қаңтар күні өтеді.