Бірінші сыныпқа баратын балаларға мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленді

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Балақайлар мектебі» бірінші сынып алдында балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін ұйымдастырылып отыр. Ол мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының барлық бағыттары бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді. Бағдарламаға Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.

«Бағдарламаны табысты іске асыру мақсатында мектептерде балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бағдарлама бойынша оқыту 1 айға арналған. Сабақтар күн сайын 30 минуттан 10 минуттық үзілістермен өткізіледі. Балаларға білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды сынып мұғалімдері сабақ береді», — дейді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Айта кету керек, қысқа мерзімді дайындық процесі балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетеді, сондай-ақ педагогтердің болашақ оқушыларымен жақынырақ танысуына көмектеседі.

Орайы келгенде айта кетейік, биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың мәлімдеуінше, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі.

– Жоғарыда аталған санаттарға жататын отбасылардың балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымы басшысының атына баланың ата-анасы немесе заңды өкілі өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығындар туралы құжатты тапсыруы керек, – дейді Жандос Маханбетов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *