Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек бағдарламасы енгізілуде
Оқу-ағарту министрлігі әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету бағдарламасын әзірледі. Мақсат — зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған, сондай-ақ қылмысқа куә болған балаларға кешенді көмек көрсету. Бағдарлама балалардың эмоциялық, когнитивтік және мінез-құлқындағы салдарларды еңсеруге бағытталған. Бастама балаларға көмек көрсету алгоритмін және кәмелетке толмағандардың қажеттіліктерін бағалау негізінде медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету түрлерінің кешенін қамтиды. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
«Әрбір бала зорлық-зомбылықтан қорғалуы тиіс. Осы бастаманың қабылдануы мемлекет пен қоғамның бала құқығын қорғау және әрбір баланың қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз етудегі міндеттемесінің көрінісі. Бұл бағдарлама балаларға зардап салдарымен күресу және психологиялық тұрғыда қолдау жүйесін құрудағы маңызды қадам болып табылады», — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.
Айта кетейік, көмек көрсету облыстық деңгейде психологиялық қолдау орталықтарының, аудандық деңгейде білім бөлімдерінің базасында іске асырылады.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбілдің айтуынша, 2025 жылдың аяғына дейін өңірдегі барлық аудандарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалтуға арналған «Отбасын қолдау» орталықтары ашылмақ.
«Түркістан қаласында көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Қамқорлық» отбасы орталығы ашылған болатын. Былтыр орталық психологиялық қолдау, құқықтық жәрдем сынды жалпы 10 бағыт бойынша 2 568 адамға қызмет көрсеткен. Одан бөлек, облыстың барлық аудандарында «Қамқорлық» секторлары ашылады.
Сонымен қатар, облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 210 адамға дағдарыс орталықтары әлеуметтік қызметтер көрсеткен. Қазіргі таңда облыста 183 мыңнан аса көп балалы ана бар. Оның ішінде 17 мыңнан астам «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірде 2023 жылы 54 498 сәби дүние есігін ашқан. Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның өз шаңырағы.
— Біздің өңірде халықтың тығыздығына байланысты әлеуметтік жағдайы төмен көптеген ата-ана баланың материалдық жағдайын жақсартамын деген оймен өзге өңірлерге маусымдық жұмысқа барады. Осылайша бала тәрбиесі ата-ене мен мектептің мойнына жүктеледі. Өкінішке қарай, қоғамда осы санаттағы отбасы балаларына қатысты келеңсіз оқиғалар жиі кездеседі. Біз балаларымыздың құқығын қорғау, оларға жағдай жасау мәселесін басты назарда ұстап келеміз. Биыл өңірде отбасы рөлін күшейтуге бағытталған түрлі жобалар іске асырылатын болады, — деді Болат Серікұлы.
Айта кетейік, өңірде «Қауіпсіз мектеп» жобасы негізінде барлық білім ұяларының аумақтарына арнайы қоршау орнатылған. Сондай-ақ, мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, олар полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде балаларға қарсы жасалған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайған.