Мейірхан Гран-при иегері атанды
Ыстамбұл қаласында балаларға арналған халықаралық «Ipek Yolu» өнер фестивалі мәреге жетті. Түркия Республикасының «Maltepe Üniversitesi Konservatuvar», халықаралық «Ipek Yolu» балалар фестивалінің Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған өнер додасына Леңгір қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Мейірхан Рахым қатысып, Гран-при иегері атанды.
Халықаралық байқауға әлемнің көптеген мемлекеттерінен кіл таланттар қатысып, бақ сынады. Сарапшылар кішкентай өнерпаздардың сахнада өзін-өзі ұстауына, дауыс ырғағына, сезімталдығына баға берді. Мейірхан әлемдік додаға ұстазы, музыка пәнінің мұғалімі Татьяна Матвееваның қолдауымен қатысты.
Мейірхан Рахым кішкентайынан Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдап өскен. Ол бұған дейін аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, өнерін шыңдады. Балаларға арналған республикалық «Bala Fest» фестивалінде де бас жүлдені иеленген болатын. Сонымен қатар, «Zhibek zholy Kazakhstan» байқауының Гран-при иегері атанған. Осы байқау қорытындысы бойынша Түркияға арнайы жолдама ұтып алып, талантымен әлемдік деңгейдегі сарапшылардың таңдайын қақтырып қайтқан Мейірханға «мерейің таси берсін!» демекпіз.
Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш.
Жалпы балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті өз Жолдауларында балалардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Себебі, бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы.