Фатима тендермен айналысып, табыс табуға шақырады
Ирсматова Фатима Сауран ауданы Жүйнек ауылында дүниеге келген. Қазір жасы 27-де. 2 баланың анасы. Декреттік демалыста отырған ол қарап отырған жоқ. Қолынан келгенше табыс табуға әрекеттенуде.
Сауран ауданындағы іскер әйелдер қауымының мүшесі ретінде де ауылда отбасы құндылықтарын насихаттауға, бала тәрбиесіне қатысты іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Қазіргі таңда ол бала күтімімен үйде отырғандықтан онлайн сауда жасаудың қыр-сырын меңгеріп, тұтынушыларының көңілінен шығуға барын салуда. Қытайда шығарылған заттарды Алматы және Шымкент секілді ірі мегаполистердегі қоймалардан тұтынушыларына арзан бағада алдырып беруде.
Одан бөлек Фатима тендер бойынша да қызмет көрсетуді меңгеріп алған. Тендерге қатысып, мемлекеттік мекемелерге қажетті заттарды жеткізіп берумен де айналысады. «Ең бірінші ұтқан тендерден 350 мың теңге табыс таптым. Қолыма ақша тигеннен кейін тендермен жұмыс істеудің тиімділігіне көз жеткіздім. Және өзім секілді бала күтімімен үйде отырған аналарды да тендерді меңгеріп, мол табыс табуға шақырудамын. Бүгінгі аналар бала тәрбиесімен ғана айналыспауы керек. Олар әр кез өздерін дамытып, алға жылжып отыруы керек», — дейді біздің кейіпкеріміз.
Әрине, ол үйде бала күтімімен отырған аналарды жәй шақырып қана қоймайды. Ол тендердің қыр-сырын ашып түсіндіретін онлайн сабақтар дайындап, соларды сатады. Және ауыл арасында жас келіндерге арнап түрлі іс-шаралар өткізіп, олардың ауданда қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысатын, кәсіп ашып оны ұршықша үйіріп әкеткен аналармен сұхбаттасуына мүмкіндік жасайды. Мұның өзі бала күтімімен үйде отырған аналарды жігерлендіруге септігін тигізетіні сөзсіз.