Элмира былғарыдан әмиян жасайды

Төлеби ауданы Леңгір қаласының тұрғыны Элмира Кеутаева бала күнінен қолөнерді жанына серік еткен екен. Бүгінде ол осы сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, небір сәндік-қолданбалы бұйымдарды жасап, мол табыс табуда. Соның бірі ретінде оның таза былғарыдан тігіп жатқан әмияндарын айтуға болады. Мемлекет тарапынан «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша грант ұтып алып, қазір кәсібін дөңгелетіп отыр.

— Ертеде қазақ халқы былғарыдан күнделікті тұрмысқа қажетті бірнеше затты жасаған. Одан бөлек, киім тігіп, кебіс киген. Қазір де былғары өз құнын жойған жоқ. Әрине, оны өндеп, кәдеге жарату ісі біршама өзгерістерге ұшырады. Дегенмен, қоғамымызда әлі де былғарыдан жасалған дүниелерге сұраныс жоғары. Әр қолөнер шебері әртүрлі бұйымдарды жасауда. Соның ішінде мен былғарыдан әмиян жасауды өзіме кәсіп еткенмін. Әмияндардың сапалы болуына баса мән беремін, — дейді кейіпкеріміз.

Элмира кезінде ағаштан да түрлі бұйымдарды жасап, сатылымға шығарған екен. «Мемлекетімізде жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек бойдағы қорқыныш пен сенімсіздікті алып тастау керек деп ойлаймын. Әлбетте мен де алғашқыда қиындықтарға тап болдым. Кәсіп ашып, оны ұршықша иіріп алып кетудің оңай еместігін көрдім. Бірақ, оған қайыспадым. Соның арқасында қазір осы істің шеберіне айналып келемін», — дейді Элмира.

Элмира алдағы уақытта өз дүкенін ашуды мақсат етіп отыр. Бұйыртса, Эльмираның қолынан шыққан әдемі әмияндарды тұтынушылардың көп боларына біздің де сеніміміз мол.

Айта кетейік, өңірімізде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбек етуде. Бүгінде облыс көлемінде шамамен 213 020 кәсіпкер болса, оның 68 000 мыңға жуығы – шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтар құрайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *