«Нәтиже» жобасы әйелдердің өз кәсібін ашуына жол сілтейді
Жақында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Нәтиже» жобасы өз мәресіне жетті. Көп балалы аз қамтылған және ерекше бала тәрбиелеп отырған әйелдерге арналған кәсіпкерлік жоба аты айтып тұрғандай нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Жобаны ұйымдастырушылар sмм, таргет, мобилография, гарфикалық дизайнер, тендер, глютенсіз өнімдер дайындау, этномодерн бұйымдарын әзірлеу, клининг, құрылыс, бизнес жоба жазу секілді сұраныстағы заманауи мамандықтарды кешенді түрде үйретіп, қысқа мерзімде кәсіп бастауға бағдар беретін тиімді тәсілді ұсынған.
«Нәтиже» жобасын Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Халдарбек басшылық ететін «Дара медиа» орталығы жоғары деңгейде іске асырды.
Жоба не береді?
Жоба — әйелдердің жеке кәсіп бастауына және отбасылық қаржыны молайту мен үй жағдайында табыс тауып нәтижеге шығуға мүмкіндік береді. Дәл осы жоба аясында үздік шыққан 20 қатысушы мемлекеттік грантқа жоба әзірлеп, үміткер ретінде қатысуға мүмкіндік алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз.
Өңірімізде кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр. Осылайша олар ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Ардақты аналар білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.
Инара НАМАЗБАЕВА,
Түркістан облысы мәслихатының депутаты, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.