Кентауда жасыл желек пен экологияны қорғау – басты басымдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді көгалдандыру мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Президент өз сөзінде: «Экологияны қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Жасыл желек пен таза ауа – жай ғана сән емес, халықтың денсаулығы мен өмір сапасының негізгі көрсеткіші» деп атап өткен болатын. Осы бағытта Кентау қаласында 2025 жылы жүйелі және ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қала мен оған қарасты ауылдардың табиғи келбетін сақтап, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында дендрологиялық жоспар, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау, гүл отырғызу, санитарлық тазалық пен тұрмыстық қалдықтарды басқару секілді бірнеше маңызды бастамалар қолға алынды.

Айталық, 2025 жылы Кентау қаласының дендрологиялық картасын әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл – қала аумағындағы ағаштар мен жасыл желектерді ғылыми тұрғыда түгендеу мен басқаруға бағытталған кешенді жоба.

Жобаның сметалық құны – 31 млн теңге, оның ішінде 5 млн теңге ағымдағы жылға бөлінген. Қалған 26 млн теңге қаржы 2026 жылға өтпелі.

Жобаны жүзеге асырушы – «Экосервис-С» ЖШС-і. Келісімшарт сомасы – 29,6 млн теңге. Оған қала аумағындағы барлық ағаштарға мониторинг жүргізу (түрлері, орналасу координаттары, төлқұжаттандыру), дендрологиялық және агрохимиялық зерттеу (топырақ, су сапасы, атмосфералық ауа талдауы) және электронды базаға барлық деректерді енгізу жұмыстары атқарылады. Бұл карта Кентау қаласының жасыл қорын нақты есепке алып, оны күтіп-баптауға және сауатты басқаруға мүмкіндік береді.

Кентау қаласының 2023–2025 жылдарға арналған көгалдандыру жоспары аясында 2025 жылдың көктемінде 9500 түп ағаш отырғызылды. Күзде қосымша 8500 көшет отырғызу жоспарланған. Сейфуллин көшесі, Ш.Уәлиханов көшесі, «Жасыл аймақ», сонымен қатар, сұраныс бойынша төрт ауылға (Хантағы, Ащысай, Байылдыр, Қарнақ) көктем мен күзде 300 түптен бөлінеді. Жұмысқа 40 адам, трактор, жүк көлігі, және су тасымалдаушы техника жұмылдырылып, отырғызылған көшеттерге күтіп-баптау жүргізіледі.

Көктем айында Кентау қаласының негізгі көшелері мен саябақтарына 40 000 дана гүл Жастар саябағына, Қожанов саябағына, С.Сейфуллин, Яссауи, Абай, Қонаев көшелерінің бойындағы аллеялар мен скверлерге отырғызылды. Бұл жұмыс қала келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындарға эстетикалық ләззат сыйлайды.

Көктем айында ағаштарды формаға келтіру және жасарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жұмысқа 10 адамдық бригада қатыстырылып, арнайы құрал-жабдықтармен (бензопила, ара, балта т.б.) қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, қураған ағаштарды санитарлық кесу үшін тағы бір арнайы бригада құрылып, жұмыс атқаруда.

Наурыз–сәуір айларында қала бойынша 32 549 түп ағаш әктелді.
«Жасыл қала» КММ жұмысшылары ағаштарға дезинфекциялық дәрі-дәрмектермен және дәрумендермен өңдеу жұмыстарын да атқарды. Бұл – өсімдіктердің ауруға төзімділігін арттырып, зиянкестерден қорғауға бағытталған шара.

Қаланың тазалығын сақтау және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару үшін 150 дана қоқыс контейнерін сатып алуға 19,5 млн теңге бөлінді. Жеткізуші – «SBS INVEST CAPITAL» ЖШС-і. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға жаңа операторды анықтау үшін конкурс 2025 жылдың маусымында өтеді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, «жасыл экономика – ел болашағының негізі». Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстар – осы бағыттағы нақты қадамдардың айғағы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *