Қазығұрт ауданында үлкен екі зауыт салынуда

Ағымдағы жылы Қазығұрт ауданындағы индустриалды аймақта 400 млн. теңгеге қара темірді ұнтақтап болат шарларын шығару өндірісімен айналысатын зауыт ашылмақ. Оның қуаттылығы жылына 6,0 мың тоннаны құрап отыр. Жоба іске асқан жағдайда өндіріс орнында 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда ауданға қарасты Қызылқия елді мекенінде «NE INNOVATION TECHNOLOGY» ЖШС-нің құны 1,0 млрд. теңге болатын цемент шығаратын зауыт салынуда. Бұл өндіріс орны ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосылатын болады. Оның қуаттылығы жылына 80,0 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмаилов «осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетін боламыз. Іске асқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін дамытуға өз септігін тигізері сөзсіз» дейді.
Айта кетейік, ауданда өнеркәсіп өнім көлемі бойынша өткен жылғы жоспар 11,4 млрд. теңге болса,оның нақты орындалуы 11,9 млрд. теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды. Оның 9,3 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. 2024 жылы алға қойып отырған жоспар – 15,3 млрд.теңге.
Былтыр ауданда құны 4,2 млрд. теңге болатын 58 инвестициялық жоба іске асырылып, 243 адам жұмыспен қамтылды. Ал, биыл 14 млрд. теңгеге 67 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 479 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар, бөлшек сауда көлемі 2022 жылы 8,8 млрд. теңгеге орындалса, 2023 жылдың қорытындысымен 11,6 млрд. теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,8 пайызға артық болды. Ағымдағы жылғы жоспар – 13,7 млрд. теңге.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *