Президент тапсырмасы: Қарашық ауылындағы өндіріс алаңында 20 жоба іске асырылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының қазіргі ахуалына терең талдау жасап, бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Мемлекет басшысы экономикаға жеткілікті көлемде қаржы салынбай отырғанын атап өтіп, бұл жағдайдың алдағы жылдары экономикалық өсім қарқынын сақтауға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Президенттің айтуынша, елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастау аса маңызды. Өндіру саласындағы жобалардан түсетін табыс қайтадан экономикаға инвестиция ретінде бағытталуы тиіс.
Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың өңірлерде нақты жүзеге асырылуын бақылау мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов Сауран ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі өндірістік және инвестициялық жобалардың барысы зерделенді.
Мәжіліс депутаттары аудан тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және өндіріс көлемін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Алдымен халық қалаулылары Қарашық ауылында құрылып жатқан шағын өндіріс алаңын аралады. Аталған жоба аясында ауыл аумағынан 10 гектар жер телімі бөлініп, жалпы саны 20 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда 12 кәсіпорынның құрылыс жұмыстары басталып, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде.
Жобалар толық іске қосылған жағдайда 170-ке жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, аудан экономикасына елеулі серпін бермек. Өндіріс аймағына салынатын инвестицияның жалпы көлемі 4,5 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпкерлермен кездесу барысында депутаттар жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктеріне тоқталды.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңында болды. Кәсіпорын құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге бағытталған. Қазіргі уақытта 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін жылына 300 тонна өнім өндіріліп, 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл бастама өңірдегі құрылыс саласының дамуына да оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Сапар барысында депутаттар «ASIA BREND» және «DIVALUX» жиһаз өндіру кәсіпорындарының да жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орындары сапалы жиһаз өнімдерін шығарып, тек ішкі нарықты ғана емес, еліміздің өзге де аймақтарын өніммен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары жұмысшы қызметкерлермен еркін форматта тілдесіп, олардың еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелері және ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Халық қалаулылары өндіріс орындарының дамуы өңір экономикасының нығаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
